Жатақханадағы өрт: баспанасыз қалған астаналықтарға пәтер беріледі

09.04.2025 15:56

Тұрғындарды ыстық тамақпен қамтамасыз етіп, уақытша мектепке орналастырған

Астанадағы жатақханалардың бірінде өрт шықты. Тілсіз жау тұтанған сәтте тұрғын үйдің ішінде 540 адам болған. Қазір қызыл жалын сөндіріліп, тұрғындар қауіпсіз жерге көшірілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Астанадағы жатақханада ауқымды өрт шығып 50 ден аса адам оның ішінде 7 бала эвакуацияланды. Ал өзге тұрғындар киім және өзге де бағалы заттарын алмастан далаға жүгіріп шыққан. Оқиға бүгін таңғы сағат 4:00 шамасында басталған. Құтқарушылар келгенде 6-қабат толықтай өртеніп кеткен екен. Зардап шеккендер жоқ. Қазір өрттің неден тұтанғаны анықталып жатыр.

 «Таңғы сағат 4:00 шамасында жұбайым оятты. Көзім ашсам от кәдімгідей лапылдап жатыр.  Дүние-мүлік бәрі жанды, бас аман болсын!», – деді қала тұрғыны Пернехан Жайдарханов.

Өрт аумағы 1600 шаршы метрді шарпыған. Тілсіз жаумен күреске 65 адам және жеке құрам мен 17 техника жұмылдырылған. Сонымен қатар өртті зерттеу үшін сынақ зертханасының және Төтенше жағдайлар департаментінің анықтау бөлімінің қызметкерлері жұмыс істеп жатыр.

 «Шамамен 4:51 уақыты бойынша «Сарыарқа ауданы Бұланты көшесі 4 мекенжайы бойынша 6 қабатты жатақхана жанып жатыр» деген хабарлама түсті. Өрт орнына Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері келгенде, 6 қабатты жатақхананың төбесі толығымен өртке оранғанын анықтады», – деді Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Мадияр Мырзагелдиев.

Қазір тұрғындарды ыстық тамақпен қамтамасыз етіп, уақытша мектепке орналастырған. Жауаптылардың айтуынша, алдағы аптада үй иелеріне жаңа пәтер берілуі мүмкін.

 «Өрт салдарынан адамдарды уақытша мектепке орналастырдық. Осы Жатақхана 2025 жылғы сүрілетін ғимараттар қатарында тұрған. Екі, үш күн ішінде пәтер иелеріне баспана беріледі», – деді Сарыарқа ауданы әкімінің орынбасары Нұржан Алмантаев.

Әкімдіктің айтуынша, тек пәтер иелері баспанамен қамтамасыз етіледі. Ал үйді жалдап тұратын азаматтардың басқа баспана іздеуіне тура келеді.

Мәди Бижан, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, Астана

Оқи отырыңыз: Алматыда пәтер тонаған топ анықталды