Спорт саласында жалған дипломмен жұмыс істеген 278 адамды анықтаған
Жемқорлық тәуекелдері бар 3 сала белгілі болды. Нақтылай айтсақ, білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қамту ұйымдарында «бармақ басты, көз қысты» әрекетке баратындар көп, деп хабарлайды Almaty.tv.
Мәселен кейінгі 6 жылда әлеуметтік қамту саласында 600-ге тарта қылмыс тіркеліп, 141 адам сотталған. Түркістан облысы Сауран ауданына қарасты білім бөлімінің басшылары жұмыс істемеген адамдарға 29 миллион теңге жалақы аударып, бюджет қаражатын жымқырған. Ал Шымкенттегі Еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті жанындағы департамент басшысының міндетін уақытша атқарушы азамат мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-анасынан 500 мың теңге пара алған. Оған медбике де көмектескен көрінеді.
"Саладағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау нәтижелері бойынша медициналық-әлеуметтік сараптама процестерін автоматтандыруға және жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге, мемлекеттік органдардың дерекқорларымен интеграциялау және тәуекелдерді басқару жүйесін енгізу жолымен бақылау тетіктерін күшейтуге бағытталған ұсыным енгізілді", – деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің ресми өкілі Данияр Биғайдаров.
Сондай-ақ агенттік спорт саласында жалған дипломмен жұмыс істеген 278 адамды анықтаған. Оның басым көпшілігі Түркістан облысында болса, Атырауда 30 жағдай тіркелген. Нәтижесінде 250 қызметші жұмыстан шығарылған. Ал қалғандарының тағдырын тергеу нәтижелері шешеді.
Оқи отырыңыз: Қазақстан-Қытай шекарасындағы электронды кезек жұмысының кемшіліктері анықталды