Жеңіс-80: Алматы қаласының мәслихат депутаттары ардагерлерді құттықтады

18.03.2025 16:18

Дарбала Жабатаева 1926 жылдың 28 желтоқсанында Қостанай облысында дүние келген

Биыл Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 80 жыл толады. Осыған орай, Алматы қаласының мәслихат депутаттары аянбай тер төгіп, ерлік көрсеткен ардагерлерді айтулы мерекемен құттықтады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Жастарға жақсылық, оқуларын жақсы бітіріп, әке-шешесін ұмытпасын!» – деді ардагер Дарбала Жабатаева.

Дарбала Жабатаева 1926 жылдың 28 желтоқсанында Қостанай облысында дүние келген. Оның ата-анасы колхозда жұмыс істеп, іске белсене араласқандардың қатарында болған. Ал соғыстың өрті шарпыған жылдары Дарбала Әміржанқызы небәрі 8 сыныпта оқитын. Ол суық хабарды радиодан естіген. Жас болғандықтан оның мәнін де, мағынасын да түсінбепті.

«Сол кезеңде ер жігіттердің барлығын түгелдей дерлік майданға әкеткен. Ал анамызды және оның қатарластарын пішен шабуға, астық жинап, масақ теруге жіберген. Осылайша жасөспірім шақта олар соғысқа кеткендерді азық-түлікпен қамтамасыз етуге атсалысқан», – деді Д. Жабатаеваның қызы Сәуле Жанабайқызы.

Тылда тынбай еңбек еткен ардагер бойдағы патриоттық сезімнің әрдайым алға жетелегенін айтады. Сол себеп әсер етсе керек, 1943 жылы Дарбала Әміржанқызы өзіндей жас 5 қызбен бірлесе, майданға аттанбаққа бел байлайды. Көп ұзамай радиобайланысшы болып, ел мен жерді қорғауға ұмтылады. Минскті жаудан тазартуға көмектеседі. 

 «Анамыз Польшаның қалаларын да азат етуге қатысыпты. Соғыста жүріп жарақат алса да, қайта қатарға оралған. Сөйтіп Жеңісті Балтық теңізінің оңтүстігінде қарсы алған. 1946 жылы туған жеріне оралды», – деді Д. Жабатаеваның қызы Сәуле Жанабайқызы.

Соғыс аяқталып, бейбіт кезең басталған шақта ардагер түрлі жауапты қызметтерді атқарған. Алматыға келіп, Жоғары партия мектебінде де білім алады. Тіпті шаһардағы қалалық кеңестің депутаты болып та табысты іс атқарады. Кейін өмірлік жарымен кездесіп, отбасын құрады. Ер азаматтармен иық тіресе елдің дамуына үлес қосқан жанмен жақында Алматының мәслихат депутаттары да кездесіп, Жеңістің 80 жылдығымен құттықтады. Құрмет көрсетті.   

«Ардагерлерді ардақтайық» деген партиялық жоба бар. Сол жоба аясында тыл және соғыс ардагерлері бар, зейнеткерлерді аралап шығамыз. Құрмет көрсетіп, үлкендерді сыйласақ жастар көреді. Қазақта сабақтастық деген бар ғой, бір жағынан үлгі көрсетеміз», – деді қалалық мәслихат депутаты Бақытбек Жұмабаев. 

Дарбала Жабатаева «Ерлігі үшін», «Тың жерлерді игергені үшін» сынды бірнеше медальмен марапатталған. Қазір ол қызы Сәулемен бірге тұрады. Бүгінде ардагер перзенттерінен тараған немере-шөберелерінің қызығын көріп отыр. Кісілігі мен кішілігі үйлескен жан – өнеге көрсетудің үлгісі бола білген тұлға.

Рүстем Айткәрім, Хангелді Ахметханов

Оқи отырыңыз: Наурыз қарсаңында Алматыда эко-фестиваль өтеді