"Жер алып беремін": Алматы облысында егде жастағы әйел жұртты алдап кеткен

23.04.2025 21:37

Тергеу амалдары жалғасып жатыр

Bermix Studio / Unsplash

Еңбекшіқазақ ауданында полицейлер алаяқтық қылмысын тоқтатты, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Polisia.kz-ке порталына сілтеме жасап.

Жер телімдерін рәсімдеуге көмектесемін деп уәде берген 62 жастағы әйел таныстарының қалтасын қағып отырған. Күдікті таныстарынан 45 мың теңге, ал біреуінен 200 мың теңге алған. Жалпы 29 адам алданып қалған. Ал тәртіп сақшыларының айтуынша, бұл нақты сан емес, зардап шеккендер саны бұдан да көп болуы мүмкін.

Ауыл тұрғынының бірі полицияға шағымданған соң, тәртіп сақшылары жедел тексеріс жүргізіп, күдіктінің байланыстарын зерттей бастады. Көп ұзамай бір әйелдің артынан тұтас алаяқтық схемасы ашылды.

– Қазіргі уақытта күдіктіге қатысты ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеушілер дәлелдерді жинап, басқа да жәбірленушілерді анықтаумен айналысуда. Сондай-ақ оның өзге де құқықбұзушылықтарға қатысы бар-жоғы мұқият тексерілуде, – деп мәлімдеді полиция өкілдері.

Тергеу амалдары жалғасып жатыр. Полицейлер бұл істі соңына дейін жеткізіп, барлық заң бұзушылықтар жазасыз қалмауы үшін жұмыс істеп жатыр.

Оқи отырыңыз: Петропавлда қыз зорлады деген күдікпен екі ер адам ұсталды