Жергілікті атқарушы органдар құлақ мүкістігі бар азаматтарға есту аппаратын алуға міндетті

19.02.2025 19:12

Мәжіліс депутаттары денсаулық сақтау саласына қатысты заңның кейбір нормаларына өзгерістер енгізіп, Сенатқа жолдады

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырумен қамтылмаған 3,5 миллион адам тегін онкологиялық тексерістен өте алады. Ол үшін бюджеттен 20 миллиард теңге бөлінеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Мәжіліс депутаттары денсаулық сақтау саласына қатысты заңның кейбір нормаларына өзгерістер енгізіп, Сенатқа жолдады. Құжатта халықтың нысаналы топтарын тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында қатерлі ісікті ерте анықтау үшін скринингпен қамтамасыз ету көзделген.

Айта кетейік, бұл заң былтыр 25 желтоқсанда бірінші оқылымда мақұлданған. Бүгін екінші оқылымда тағы талқыланды.

"Ол ауруды анықтау өте қиын. Скрининг болмаса, симптомдары пайда болғанда ол 4-3-деңгейге жетеді. Сондықтан 3,5 миллион МӘМС-пен қамтылмаған азаматтар ақысыз онкология бойынша скринигтен өтуге мүмкіндік алып отыр. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне кірді. Бұл – өте үлкен жеңіс. Бюджет бұған қосымша қаражат бөлді. Үкіметпен мәселені талқылап, бір мәмлеге келдік", – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Асхат Аймағамбетов.

Сондай-ақ құжатта есту қабілеті бұзылған адамдардың құқығы туралы да жазылған. Заңға сәйкес, жергілікті атқарушы органдар құлақ мүкістігі бар, бірақ мүгедектігі жоқ азаматтарға есту аппаратын алып беруге міндеттеледі. Өйткені халықтың осал тобының құрылғыны сатып алуға қалтасы көтермейді. Ал аппараттың құны 500 мыңнан 5 миллион теңгеге дейін жетеді. Депутат Нартай Сәрсенғалиевтің айтуынша, арнайы құрылғымен ересектер де, балалар да қамтамасыз етіледі. 

"Өкінішке қарай, елімізде құлақсыз туылған, бір құлақсыз, екі құлақсыз туылған балаларға көп жағдайда мүгедектік берілмейді. Құлақ кемістігінің 4 дәрежесі бар. Соның 4-дәрежесіндегі балалар ғана мүгедектік алады. Оларға автоматты түрде мемлекеттен құлақ есту аппараты беріледі. Ол протез салынады және 5 жыл сайын ауыстырып тұратын болады. Ал қалған үш деңгейлі балалар бұл саптан шығып қалып отырды", – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Нартай Сәрсенғалиев.

Оқи отырыңыз: Анасына бауырын берді: Түркістан облысында күрделі ота сәтті аяқталды