Жетісу облысында 63 елдімекенге көгілдір отын берілді

19.12.2024 18:35

Бейбіт Исабаевтың айтуынша, өңірдегі апатты тұрғын үй мәселесін шешуге ден қойылды

2029 жылы Жетісу облысы халқының 91,9 пайызы табиғи газға қол жеткізеді. Аймақ басшысы өңірдегі көгілдір отынмен қамтылуы тиіс 192 елдімекеннің 63-і газға қосылғанын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

2025 жылдың соңына қарай Кербұлақ ауданынан Талдықорғанға дейінгі 126 ауылға табиғи газ барады. Нәтижесінде бес жүз мыңнан аса тұрғын көгілдір отынға қол жеткізеді.

"Биыл 19 тамызда «Талдықорған-Үшарал» магистралды газ құбырының құрылысы басталды. Жоба келесі жылы аяқталады деп күтілуде. Сонымен қатар,Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарының 66 елдімекеніне газ желілерін тарту жобасы әзірленіп жатыр", – деді Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев.

Бейбіт Исабаевтың айтуынша, өңірдегі апатты тұрғын үй мәселесін шешуге ден қойылды. Былтыр облыста 348 баспана жарамсыз деп танылып, 1,3 миллиард теңгеге 137 пәтер сатып алынған. Биыл жергілікті бюджеттен бөлінген 2,4 миллиард теңгеге 155 жаңа пәтер алынған.

"Пәтер саны жыл сайын көбейіп отырады. Бірақ апаттық үйлердің мәселесін түбегейлі шештік деп айтуға толық негіз бар. «Самұрық-Қазына» қорынан, демеушілерінің есебінен 560 пәтерлік 9 үй салынуда. Төртеуін биыл қабылдап аламыз. Қалғаны келесі жылдың көктеміне дейін аяқталады. Биыл облыста 2700 пәтер салынды және сатып алынды", – деді Бейбіт Исабаев.

Оқи отырыңыз: Шарын аумағында Қызыл кітапқа енген жануар алғаш рет фототұзаққа түсіп қалды