Жетісу облысында "Қоғалы – халқымның көңілі жоғары" атты кеш өтті

23.12.2024 16:02

Өнер қайраткерлері өңірдегі ағайынға мерекелік кеш ұйымдастырды

Өнер қайраткерлері өңірдегі ағайынға мерекелік кеш ұйымдастырды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Жетісу облысына қарасты Қоғалы ауылында өткен концертке белгілі күйші Секен Тұрысбекпен қатар, ақын Бақыт Беделхан, күйші әрі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұркен Әшіров, сондай-ақ Жұбаныш Жексенұлы мен Мадина Сәдуақасова сынды қазақ эстрадасының танымал жұлдыздары қатысқан. Кеш қонақтары көпшілікке рухани азық сыйлап, қазақ музыкасының көркемдігі мен ұлттық мәдениетіміздің байлығын дәріптеді.

"Жетісу өңірінің ең бір керемет, ғажайып алтын қазығына айналған топырақ – Қоғалы. Екі жақтың бір-бірінің қолдауымен бір ауылдың еңсесін, мәдени мәртебесін көтеру шарасы деп ойлаймын. Елдің тіршілігі, экономикасы, шаруашылығы, әлеуметтік жағдайы – күнделікті тұрмыс-тіршілікпен көрінісі.  Ал оған мотивация беретін көңіл, ал көңілге дем беретін нәрсе – осындай іс-шаралар", – деді ақын, «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Бақыт Беделхан.

Өнер кешіне ауыл тұрғындары мен қонақтары белсенді қатысып, өнерпаздарға құрмет көрсетті.

Айта кетейік, Жетісу жерінде өткен мерекелік концертті Алматы облысының мәдениет басқармасы ұйымдастырған.

"Қоғалы – халқымның көңілі жоғары" атты өтіп жатқан іс-шараның мәні де, мағынасы да ерекше. Халықтың әл-ауқатына, рухани кемелденуіне рухани серпіліс беретін әуезді ән, көңілді күй деп айтамыз. Халықтың ыстық ықыласынан шығады деп ойлаймыз", – деді Алматы облыстық Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Данияр Әлиев.  

Оқи отырыңыз: Алматының 8 кереметі: жаңажылдық безендіруге 800 млн теңге жұмсалмақ