90 мыңға жуық тұрғыны сапасыз су ішіп отыр
Ұлытау облысының орталығы Жезқазғанның тұрғындары таза судан таршылық көріп отыр. Қазір қалада тіршілік нәрін тұтыну түгілі, жуынудың өзі мүмкін емес, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жезқазған қаласының 90 мыңға жуық тұрғыны сапасыз су ішіп отыр. Мұндағы ашық су қоймасынан алынатын тіршілік нәрі тіпті ішуге жарамайды. Жергілікті жұрт «ішкен былай тұрсын, дәмі кермек татитын, жағымсыз иісі қолқаны қабатын сумен қол жуудың өзі мүмкін емес» дейді.
«Су сап-сары, ішуге жарамсыз. Жуына алмаймыз. Суды ақса, тас түседі» - деді тұрғын.
«Ыстық су да сап-сары. Кәдімгі темір», – деді тұрғын.
Қолы ұзын, қалтасы көтеретін тұрғындар кранға әлдеқашан сүзгі қойып алған. Дегенмен оған шамасы келмейтіндер суды үйіне құтымен тасып, сатып алып ішуге мәжбүр. Күрмеуі қиын күрделі мәселе қалаға жерасты суын жеткізетін құбырдың тозуынан пайда болған. Жауаптылардың айтуынша, тіршілік нәрін тазартатын кешен де ескірген. Ал 2021 жылы Президент проблеманы 1 жарым жыл ішінде шешуді тапсырған. Содан бері 4 жыл өтті. Алайда бұқара әлі күнге таза ауыз суға қол жеткізе алмай отыр.
«Бір жарым жыл ішінде ауыз сумен қамтылу керек деген тапсырма болды. Бірақ жобалау-сметалық құжаттары ұзақ жасалды. Республикалық бюджеттен министрліктің қолдауымен биыл 51 шақырым 800 метрлік су құбырын салдық. Далағы су қоймаларын жөндеу керек», – деді Энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Алмаз Жандарбеков.
«Үйтас-Айдос» су құбырын жаңарту бағытында 18 жобаны жүзеге асыру үшін 15 миллиард теңгеге жуық қаражат қарастырылған. Оның ішінде екі жоба 2025 жылдың соңында аяқталады. Ал Үйтастан келетін су сұраныстың нәбәрі 30 пайызын қамтиды. Қалған 70 пайызын қазіргідей Кеңгір көлінен алады. Ал, тұрғындарды толықтай жерасты суымен қамтамасыз ету үшін «Айдос» және «Қожамсейітті» игеру қажет. Ол әзірге жоспар күйінде ғана қалып отыр.
Жанбота Бейсембайұлы, Айнұр Бексұлтанқызы, Ұлытау облысынан