Әуежай өкілдері компания жұмысының тоқтауын келісімшарт мерзімінің аяқталуымен байланыстырып отыр
Астана халықаралық әуежайы Жоғарғы соттың қаулысын елемей отыр. Төрт жылдан бері кәсібін жүргізіп отырған компания былтыр әуежайдағы сауда нүктелерінен күштеп шығарылған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Олардың айтуынша жылына бір рет жасалатын келісімшартты аэропорт басшылығы бір күнде тоқтатып, ол орынға бәсекелес ұйымды орналастырған. Жалға беру тәртібі бұзылып, құқығымыз тапталды деген серіктестік өкілдері сотқа жүгінген. Алайда барлық инстанциядан оң нәтижеге қол жеткізгенімен әуежай басшылығы өз шешімін өзгеріссіз қалдырыпты. Шағымданушылар «жағдай өзгермесе, Бас прокуратураның мәселеге араласуын сұраймыз» дейді.
«Бүгінгі күнге дейін үш сот инстанциясын жеңдік. Жоғарғы сотты жеңдік. Бірақ сот шешімін іске асыра алмай отырмыз. Шет елдің инвесторы келеді де, сот шешімін қабылдамайды», – деді компания директоры Айнұр Рахымова.
«Әділетсіздік көп орын ала беретін болса, әлеуметтік-экономикалық салдары өте жоғары. Себебі бұл – іскерлік ортаға бірден әсерін тигізеді. Мемлекетіміздің дамуына атсалысып отырған, экономикамыздың күре тамыры болып отырған кәсіпкерлік субъектілері осындай әділетсіздіктерді бастан кешіре беретін болса, онда олар жабылады», - деді экономист Мақсат Халық.
Алайда әуежай өкілдері компания жұмысының тоқтауын келісімшарт мерзімінің аяқталуымен байланыстырып отыр. Ал қайтарылмаған бір орын әуежай қажеттілігіне пайдаланылады.
«Сот шешіміне сәйкес, Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы «Сервис-АСТ» ЖШС-мен бұрынғы шарттағыдай, яғни дәл сол талаптармен жаңа келісімшартқа қол қойды. Аумағы да, инфрақұрылымы да, орналасқан жері де өзгерген жоқ. Атап өтейәк, әуежай барлық міндеттемелерін, заң талаптарын және келісімшарт бойынша ережелерді толық орындауға дайын. Алайда қазіргі уақытта аталған компания тарапынан қабылдау-тапсыру актісіне қол қойылмады. Оның себебі белгісіз. Біз барлық диалогқа ашықпыз және қолданыстағы заң аясында барлық міндеттемелерді орындауға әзірміз», – деді Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы PR қызметінің басшысы Науат Айтуғанова.
Оқи отырыңыз: Ақмола облысының сегіз ауданын су басты