Жол азабын жүрген біледі: Шелек ауылының тұрғындары батпаққа батып жатыр

28.02.2025 21:27

Елдімекендегі 121 көшенің жартысынан көбі ойқыш-ұйқыш, ми батпаққа айналған

Алматы облысындағы Шелек ауылының тұрғындары ми батпаққа батып, шұңқырға шалынып, әбден әбігерге түсті. Елдімекендегі 121 көшенің жартысынан көбі ойқыш-ұйқыш, ми батпаққа айналған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Шелек ауылында балшыққа батпаған, шұрық-тесіксіз жолдар кемде кем. Жұрт «жағдай былтырдан бері ушығып кетті» деп налып отыр. Себебі мердігер құбыр жүйесін қазып, онсыз да ойқы-шойқы көшелерді ми батпақ күйінде қалдырып кеткен. Енді мұнда резіңке етіксіз аяқ алып жүру мүмкін емес. Жиделі көшесіне тіпті такси келуге бас тартады екен. Ал өткен-кеткен көліктер саз балшықта тұрып қалады.

 «Биыл 22 көше жобаға енген, бірақ біздің көше тізімде жоқ. Балалар мектепке барғанша бір аяқ-киім, келгенше бір аяқ-киім киеді», – деді Шелек ауылының тұрғыны Бақыт Тайтаразов.

 «80 жылдан бері көшеге тас төселген жоқ. Су құбырын саламыз деп қазып, аяқтамады», – деді Шелек ауылының тұрғыны Құрманбек Тайтаразов.

Бәрінен де толарсақтан саз кешіп, белуардан балшыққа былғанған мектеп оқушылары мен қарттарға обал. Қараша әбден қажыған. Мұнда жарықтың жоғы және бар. Жарық бағаналары тек орталық көшелерде көрінеді. Басқа аумақтағылар тас қараңғыда шұңқырға шалынып жүруге мәжбүр.

 «Амал жоқ, көлігі барлар әупірімдеп жолға шығады. Ал жоқтар аяғына целлофан киіп барады. Екі балатайып жығылып, мектепке жеткенше батпаққа батып қалды. Мұғалімдер тағы ренжиді, – деді Шелек ауылының тұрғыны Жарқынай Мұратжан.

Шелекте орталық су құбырларын жүргізуге 2023 жылы 5,5 миллиард теңге бөлінген екен. Жол азабын көріп келген жұрт мәселені көтеріп, ауыл әкімдігіне талай барған. Шенділер болса, саз балшықтан табаны көрінбей, жылдар бойы құрғақ жер баспағандарға құп-құрғақ уәде беріп келген. Бүгін де әкімді халық алдына шақырдық. Бірақ округ басшысы басқа жиынға жөнеліп, орынбасарларын жіберді.

«Орталық 5 көшенің жобалық сметалық құжаты толық бітті. Жалпы 22 көшені жөндеуге өтінім бердік. Ал Казачья көшесіне асфальт төселінеді, бірақ жүргінші жолы мен арық салынбайды», – деді Шелек ауылдық округі әкімінің орынбасары Қуат Әбдіәкімов.

 «Қалай су құбырларын жасау жұмыстары бітеді, сы көшені қалпына келтіреді. Мердігерлер наурызда келеді, – деді Шелек ауылдық округі әкімдігінің бас маманы Қанат Егінбаев.  

Жергілікті билік наурыздан бастап су құбырларын жүргізу қайта басталып, қыркүйекте аяқталады деп сендірді. Содан соң жоспар бойынша күзде жолдар қалыпқа келтірілуі тиіс.

Айта кетейік, аталған мәселемен аудан әкімдігі де таныс. Еңбекшіқазақ мамандары «Қазір шұңқырларды тегістеп, жолды қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр» деп жазбаша жауап берді. Бірақ ауылдың әр бұрышындағы ахуал мұндай істің қалай атқарылып жатқанынан хабар беріп тұр. Ал балшық кезіп әбден мезі болған жұрт көктемде көшеге ең болмағанда қиыршық тас төсеп, жарықты ретке келтіруді талап етті.

Әйкерім Пернебек, Сағынғали Мұңайтпасов,  Алматы облысынан

Оқи отырыңыз: Ақтөбедегі бала өлімі: тұрғындар қаңғыбас иттер мәселесін шешуді талап етіп отыр