Құтқарушылар жолға шығып кеткен 40 жолаушыны құтқарып, 10-нан аса көлікті қар құрсауынан алып шыққан
Жамбыл облысында ақтүтек бораннан жолдар жабылып, мыңнан аса көлік кептеліп қалды. Транзиттік тас жолға шыққандар бұл ретте жауапты мекемеге наразы. Олар трассаның дер кезінде тазаланбайтынын айтып, налиды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Кеше кешке басталған боран Жуалы мен Қордай ауданындағы республикалық маңызы бар тас жолды жауып қалды. Сондықтан “Батыс Еуропа-Батыс Қытай” автодәлізінің бұл бөліктерінде қозғалыс толығымен тоқтады. Салдарынан мыңнан аса көлік Тараздың айналма жолында тұрып қалған. Оның басым көпшілігі жүк көліктері.
"Мынау жолда техника жоқ, тазалап жүрген бір-ақ КамАЗ. Жамбыл облысы тазалап жатыр, Түркістан облысы мүлде тазалап жатқан жоқ. "ҚазАвтожол", тазалаңыздар! Ақшаны не үшін төлеп жатырмыз?" – деді жүргізуші Жақыпжан Ибрагимов.
"Әр жылы осындай кептеліс. Алдын ала дайындық жасауға болмай ма? Елдің 3 күн жолда қалдырмай. Ағайындар жолда қалған тамағын апарып беріп жатырмыз", – деді жүргізуші Құлбай Сыбанқұлов.
Құтқарушылар мен полицейлер де түннен бері тыным таппай жүр. Олар жолға шығып кеткен 40 жолаушыны құтқарып, 10-нан аса көлікті қар құрсауынан алып шыққан. Кешелі бері мекеменің 50 техникасы мен 70-тен аса маманы жол тазалап жатқанын айтты.
"100-ге жуық жүргізушілер мен жолаушылар жылыту орнына жеткізіліп, ыстық шәймен қамтамасыз етілді. Таңға дейін тынымсыз жұмыс атқарудың арқасында 8 қаңтар, сағат 11:00 шамасында Шымкент бағытына қарай жол ашылды", – деді Тараз қалалық ПБ патрульдік полиция батальонының взвод командирі Абзал Құрманов.
Жүк көлігі жүргізушілерінің жолға жауапты «ҚазАвтоЖол» мекемесіне өкпелері қара қазандай. Көпшіліктің айтуынша, компанияның қар тазалауы қиын, қит етсе жолды жабылады.
Айта кетейік, қыс басталғалы тас жолдар 15-рет жабылып отыр. Бұл ретте жауаптылар "мұның бәрі жүргізушілердің қауіпсіздігі үшін жасалып жатыр" дегенді алға тартады. Ал трассаға шығуға тыйым салу «Қазгидромет» мекемесімен бірге іске асатын көрінеді.
"Қазгидромет" республикалық мемлекеттік кәсіпорынының берілген ақпаратына сәйкес, ауа райының күрт өзгеруіне байланысты, жол ашалып, жабылады. Жол пайдаланушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жұмыс атқарылады, – деді "Кажсервис" мекемесі директорының міндетін атқарушы Ғани Тәжітай.
Айта кетейік, жолдарды күтіп ұстауға биыл республикалық бюджеттен 4 миллиард теңге қаралған. Жауаптылардың айтуынша, асфальтқа себуге арналған инертті заттар жеткілікті.
Нұрғиса Қаржаубай, Мейіржан Бейсебай, Жамбыл облысынан
Оқи отырыңыз: Қарағанды облысында жолды тазаламаған жауапты мекемелерге айыппұл салынды