Жолаушылар тасымалдау саласы өзін-өзі реттемейді: заң жобасы екінші оқылымға өтпеді

06.02.2025 20:06

Кәсіпкерлер мемлекет айтқан қауымдастықты құру бизнес тұрғысынан тиімсіз екенін атап өтті

Интернет агрегаторлар жолаушылар тасымалдау саласындағы мемлекеттік функциялардың бір бөлігін өзін-өзі реттеуге беруге қарсы. Астанада өткен «Urban mobility» форумында кәсіпкерлер мен министрлік өкілдері және депутаттар бас қосып, ойын ортаға салды, деп хабарлайды  Almaty.tv.

Көлік министрлігі Мәжіліске таныстырған заң жобасында нарыққа қатысушылар өзін-өзі реттеу тетіктері арқылы тарифті белгілеу, еңбек күнін сақтау, көліктерді техникалық байқаудан өткізу, жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету сынды мәселелерді өздері шешетіні айтылған. Министрлік бұндай тәжірибе әлемде бар деп отыр. Алайда бұл нормамен кәсіпкерлер келіспейді. Өйткені мемлекет айтқан қауымдастықты құру бизнес тұрғысынан тиімсіз.     

"Бізден ешкім сұраған жоқ, біріншіден. Екіншіден, бизнес процестерін, қаржы моделін ешкім зерттеген жоқ. Ал оның айырмашылығы бар. Үшіншіден, қаржылық модель деп  айтамыз, халыққа, жүргізушілерге өте ыңғайлы. Үкімет көмектескен жоқ, біреуден көмек сұраған жоқпыз. Ол – терең ойланып, шешілген модуль", – деді кәсіпкер Ерлан Шаяхметов.

Айта кетейік, көлік министрлігі тиісті құжатқа өзгеріс енгізу үшін 2023 жылы Мәжіліске ұсынған. Депутаттар норманы 1 жылдан астам уақыт талқылады. Халық қалаулылары мемлекет жол саласындағы қауіпсіздікті, тарифті реттей алмай отырып, жауапкершілікті жекеменшік секторға беруін құптамайды. Әзірге заң жобасы екінші оқылымға өтпейді. Жауапты ведомство бұл бастаманы кей өңірде пилоттық жоба ретінде іске асырып көрмек.  

"Бұл – жекелеген компаниялардың болмаса, таксистердің мүддесі емес,  қарапайым халықтың мүддесі. Өзін-өзі басқару ұйымына әрбір жолаушы тасымалдайтын азамат арнайы жарна төлеуі керек болды. Алғашында министрлік өкілдері «әрбір такси жүргізушілері 1200 теңгеден төлесін» деді. Одан кейін 900 теңге, ең соңында шарасы қалмаған соң 100 теңгеге түсірді. Бірақ біз неге тариф саясаты мен қауіпсіздікті жеке компанияға беруіміз керек? Бұл – мемлекеттік органның тікелей функцияларынан бас тарту деген сөз", – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Нартай Сәрсенғалиев.

Оқи отырыңыз: Қазақстан автонарығында қытай көліктерінің үлесі 39 пайызға жетті