Әр отбасыға алғашқы көмек ретінде 2 млн теңге аударылды
Жеті кеншінің қазасынан кейін "Жомарт" кенішінде жұмыс тоқтады. Тексеріс бітіп, оқиғаның нақты мән-жайы анықталмай, өндіріс қайта жанданбайды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қазір апат орнында 85 адам мен 17 техника, 2 кинологиялық есептоп пен бірнеше күштік құрылымдар жұмыс істеп жатыр. Ал оқиға орнында Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен арнайы комиссия құрылған. Апаттың себебін «Қазақмыс» өкілдері метан газының жарылуымен байланыстырады. Дегенмен нақты дерек тек тексеріс аяқталған соң жарияланатынын еске саламыз.
"Басты міндетіміз – тергеуді барынша жылдам, жан-жақты жүргізу. Бұл дегеніміз - құқық қорғау органдарының тексерісі, өндірістегі қауіпсіздіктің сақталуы, тағысын тағылар. Еңбек инспекторларымен бірлесіп, тиісті шешімді қабылдауымыз керек", – деді ҚР Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев.
Кеніштегі 7 жұмысшының да денесі шығарылып, сот-медициналық тексеріске жіберілді. Өкініштісі, аман қалған ешкім жоқ. Ал қаза тапқан азаматтардың біреуі Қарағанды, екеуі Түркістан облысының тумасы, қалған 4 қызметкер Ұлытау облысынан. Жергілікті жеріне қарамастан, барлық отбасыға бірдей көмек көрсетіледі. Бүгінгі отырыста осы шешім қабылданды. Сондай-ақ әр отбасыға алғашқы көмек ретінде 2 млн теңге аударылды. Келісімшарт негізінде барлық отбасыға қолдау көрсетілмек. Компаниядан бөлек, мемлекет тарапынан ай сайын 1 млн теңгеден аса қаржылай көмек берілетін болады. Банктердегі несие мен займдық қарыздар да кешіріледі.
"Аталған факт бойынша Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 270-бабы, 3-бөлігі тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жасау кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу бойынша іс қозғалды. Оқиға орнында Ұлытау облыстық Полиция департаментінің жедел тергеу топтары жұмыс істеп жатыр", – деді Полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Ербол Қайырбеков.
Оқи отырыңыз: Мұнайшыларға міндетті кәсіптік зейнетақы неге төленбеген