Сенатор Марат Қожаев депутаттық сауалында жаңа жүргізушілерге сынақ мерзімін енгізуді ұсынды
Елімізде жыл сайын 30 мыңнан астам көлік оқиғасы тіркеледі десек, соның 96 пайызында жол ережесін бұзылады. Осындай дәйек келтірген сенатор Марат Қожаев депутаттық сауалында жаңа жүргізушілерге сынақ мерзімін енгізуді ұсынды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жаңадан енген ережелер – жол қозғалысындағы қауіпсіздік пен тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған. Бұдан былай темір тұлпар ішіндегілер көлік салонынан басын шығарып немесе қозғалыс кезінде есікті ашып, тәртіпті бұзса, айыппұл арқалайды. Енді көлік жүргізушілері жолаушыларды қауіпсіз тасымалдау талаптарын да қатаң сақтауы керек.
«Көлік жүріп бара жатқан кезде есік ашу немесе люкынан шыққан жағдайда яғни адам денесін шығарған жағдайда 10 АЕК көзделген. Келесі өзгерістер жол көлік оқиғасынан көліктің қарсы жолағына шығып кеткен жағдайда жауапкершілік енгізілді. Енді аталған құқық бұзушылыққа жүргізуші өз куәлігінен 9 айға дейін айырылады. Сонымен қатар жедел және арнайы қызметтер көлігінің қозғалысына басымдық бермеген жағдайда 7 айыппұлдан 20 АЕК дейін өскен болатын», – деді ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Алтынбек Жамалиев.
Тек айыппұлдардың өсуі ғана емес, сондай-ақ кейбір тармақтар бойынша жазалар жеңілдеген. Бұрын ақылы тұрақ үшін ақша төлмегендерге 3 АЕК яғни 11 мың теңге айыппұл салынса, қазір 4 мың теңгеге дейін төмендеді. Елорда тұрғындарының жаңа түзетулерге көзқарасын білейік.
«Айыппұлдың төмендегені дұрыс. Жүргізушілерде тәрбие болуы керек. Полиция қызметкері, өрт сөндірушілер, жедел жәрдем көлігі келе жатқанда өткізіп жіберемін», – деді қала тұрғыны Мұрат Зікіриянов.
«Құптаймын. Жедел жәрдем, өрт сөндірушілер көлігін өткізу керек. Олар шұғыл шаруамен жүруі мүмкін», – деді қала тұрғыны Арман Кенжеқұлов.
Елде болатын жол көлік оқиғаларының 96 пайызы осы жол ережесін сақтамаудан болады. Осылай деген сенатор Марат Қожаев депутаттық сауалында жаңа жүргізушілер үшін сынақ мерзімін енгізуді, автомектептер мен куәлік алу процесіне бақылауды күшейтуді ұсынды.
«Өкінішке қарай, қазір жүргізушілерді дайындайтын мекемелер мемлекет бақылауынан тыс қалып жатыр. Жасыратыны жоқ, оқу кейде ресми түрде өтеді. Тіпті кейбірінде арнайы көліктері де жоқ. Сабақ тек теориялық тұрғыдан оқытылатын, практикалық білім бермейтін оқу орындары да бар», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Марат Қожаев
Қорыта айтқанда, Қазақстанның жаңа Әкімшілік кодексіне енгізілген түзетулер - жол қозғалысын реттеуде маңызды қадамдардың бірі. Мақсаты да сол – жол қозғалысының қауіпсіздігін арттырып, барлық жүргізушілердің жауапкершілігін күшейту.
Мәди Бижан, Нұрлан Өтегенов, «Алматы» телеарнасы, Астана
Оқи отырыңыз: Түркістан облысында мал ұрлығын кәсіп еткен 4 қылмыстық топ ұсталды