Жылу құнын шаршы метрге шаққан: талдықорғандықтар ақшаны 50 пайыз артық төлеуге наразы

28.02.2025 21:46

Биыл Талдықорғанда бекітілген  жаңа тариф бойынша жеке тұлғалар үш санатқа бөлінген

Жаңа жылдан бастап Талдықорған қаласында жылуға жаңа тариф бекітілген. Бірақ тұрғындар қаңтарда бұрынғыдан 50 пайызға дейін артық сома есептелгенін айттып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Зейнеткер Гүлбаршын Сейфолданова бір айдан бері құзырлы органның есігін қағумен жүр. Оған қаңтарда жылуға 90 мың теңгеге жуық түбіртек келген. Бір айлық зейнетақысын тұтас жылуға берген тұрғын бұл сома қандай тарифпен есептелгенін біле алмай дал.

 «Бұрын айына  ең суық кездері  35- 40 мың теңге төлейтінмін. Ал қазір 88 мың теңгенің түбіртегі келіп тұр. Екеуміз де зейнеткерміз, зейнеақым төлемге кетті, қалай күн көруіміз керек? – деді қала тұрғыны Гүлбаршын Сейфолданова.

Биыл Талдықорғанда бекітілген  жаңа тариф бойынша жеке тұлғалар үш санатқа бөлінген. Яғни тұрғындар жылу ақысын үй аумағына байланысты төлейді. Көлемі 100 шаршы метрге дейінгі баспана иелері 1 гигакалорияға  3677 теңге,  100-ден-200-ге дейінгі аумаққа 4044 теңге, ал 200 шаршы метрден жоғары үйлерге 12 146 теңге бекітілген. Соңғы тариф бойынша  келген  түбіртектерде жылуға бұрынғыдан 50-100 пайызға дейін көп ақша есептелгенін айтып шағымданушылар да көбейді.

Ал табиғи монополияларды реттеу мекемесіндегілер жаңа тариф Президент жолдауындағы  «көп тұтынсаң – көп төлейсің» қағидаты бойынша бекітілгенін алға тартады.

 «Халық санатына  жалпы ауданын мөлшерін есептей отырып,  әлеуметтік тұтыну нормалары бекітілді. Табиғи  монополиялар субьектілері  қосымша табыс алады. Оны өздерінің  қызметіне сәйкес желілерді жаңғыртуға, қайта құрылымдауға,  сонымен қатар құралдарды алуға жұмсайды, – деді  Жетісу облыстық Табиғи монополияларды реттеу департаменті басшысының м.а. Ақбота Тұрысбекова.

Ал сарапшылар пікірінше жаңа тариф асығыс бекітілген көрінеді. Сондай-ақ олар қоғамдық тыңдаулар өткеніне күмәнді. Сарапшы «жылу құнын шаршы метрге шағу халықты артық шығынға  батыруда» деп санайды.

 «Табиғи  монополияның жазғанымен  келіспейміз.  Үйдің көлеміне қарай төле дейді.  Берілетін жылу гигаколориямен  өлшеніледі. Әр үйдің астында есептеуіш құралы не үшін керек?» – деді қалалық қоғамдық кеңес сарапшысы Қанат Ыдырысов.

Қаладағы қоғамдық кеңеске жаңа тарифті қалтамыз көтермейді деп шағым айтушылар көбейген. Ұйым өкілдері арыздардың негізінде тарифтің қайта қаралуын талап етпек.

Меруерт Сабыртай, Мирас Анитов, Жетісу облысынан

Оқи отырыңыз: Жол азабын жүрген біледі: Шелек ауылының тұрғындары батпаққа батып жатыр