Токио олимпиадасының қола жүлдегері Зульфия Чиншанло мен Игорь Сон елге оралды

29.07.2021 21:42

Ауыр атлетикадан олимпиадаға барған 2 спортшымыз да тұғырдан көрініп, жақсы нәтиже көрсетті

Токио олимпиадасының қола жүлдегері Зульфия Чиншанло мен Игорь Сон елге оралды. Қоржынымызға олжа салған зілтеміршілерді әуежайдан күтіп алуға спортшылардың жанкүйерлері мен достары, барлық ет жақыны жиналды. Кейін бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесу өткізіп, қойылған сұрақтарға жауап берді. Almaty.tv тілшісі өрбітсін.

Бұл – Токиодадан жүлде алған спортшыларды күтіп алу үшін әуежайға жиналып, зілтеміршілерді көруге асығып тұрған жанкүйерлер. Олардың арасында Игорь мен Зульфияның достары және ет жақындары бар. Көп ұзамай жүлдергерлеріміз де бой көрсетіп, келушілерді қазақы дәстүрмен қарсы алды.  

Жанкүйерлердің де шулайтындай жөні бар. Себебі ауыр атлетикадан олимпиадаға барған 2 спортшымыз да тұғырдан көрініп, жақсы нәтиже көрсетті. Ал, Игорь Токиода қоссайыс қорытындысы бойынша 294 келіні көтеріп, өзінің жеке рекордын жасаған болатын.

«Олимпиада ойындары көңілімнен шықты. Спортшыларға жақсы жағдай жасалған. Алайда жарыстардың көрерменсіз өтуі бізге қиынға соқты. Ендігі мақсат – алдағы халықаралық жарыстарға дайындалып, алтын медаль алу», – деді Токио олимпиадасының қола жүлдегері Игорь Сон.

Айта кетейік, Зульфия Чиншанло жұлқа көтеруде 90 келі зілтемірді еңсерсе, серпеде 123 келіні басынан асырған болатын. Нәтижесінде қоссайыста 213 килограмды көтеріп, үздік үштіктен көрінді. Ауыр атлет 2024 жылы Парижде өтетін жазғы ойындарға да қатысуы мүмкін.  

«Жанкүйерлерге ерекше ризашылығымды білдіремін. Париж Олимпиадасында сынға түсуге тырысамын. Бір жылдан соң Азия ойындары да күтіп тұр. Қазір аздап демалып, болашаққа жоспар құрамын. Әзірге, жұлқа көтеруді біраз жақсарту керек», – деді Токио олимпиадасының қола жүлдегері Зульфия Чиншанло.

Еске сала кетейік, Қазақстан құрамасы әзірге 3 қола медальмен турнир кестесінде 55-орында келе жатыр.

Мерей Қанапиянов, Рашид Шүкіралиев, «Алматы» арнасы