Алғашқы айналымнан сүрінбей өткен отандасымыз келесі кезеңде қателік жіберіп, ақтық финалға өте алмады
Қазақстандықтар жүлде алады деп үміт күткен Юлия Галышева Олимпиада ойындарын аяқтады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алғашқы айналымнан сүрінбей өткен отандасымыз келесі кезеңде қателік жіберіп, ақтық финалға өте алмады. Ол жарыс қорытындысы бойынша 49,74 ұпай жинап, 11-орынға тұрақтады. Артынша спортшымыз Бейжіңдегі сәтсіздіктен соң әлеуеметтік желіде жазба қалдырып, соңына дейін қолдау көрсеткен жанкүйерлерге алғысын білдірді.
«Менің ең алғашқы Олимпиадам 2010 жылы басталды. Көзді ашып-жұмғанша 2022 жылға келіп қалдық. 2010 жылы Канадада 11-орын, 2014 жылы Ресейде 7-орын, 2018 жылы Оңтүстік Кореяда 3-орын алдым. Ал 2022 жылы Қытайда 11-орынға ие болдым. Осы уақытқа дейін менімен бірге болған жандарға алғысым шексіз!» - деді фристайл-могулдан ұлттық құрама мүшесі Юлия Галышева.
Айта кетейік, дәл қазір конькимен сырғанаудан Екатерина Айдова мен Надежда Морозова 1500 метр қашықтықта сынға түсіп жатыр. Одан бөлек, биатлоншымыз Галина Вишневская өнер көрсетуде. Бүгінде отандық журналистер олимпиада ойындарын сол жақтан тамашалап, жан-жақты ақпар таратуда.
«Коронавирусқа байланысты бүгінге дейін қанша спортшыдан вирус анықталғаны туралы нақты мәлімет жоқ. Дегенмен спортшылардан да, журналистерден де күн сайын ПТР-тест алады», - деді журналист Есет Төлеш.