Олимпиададағы ең сәнді киім: Қазақстан құрамасының формасын кім тікті

12.02.2022 01:19

Қытайдағы Қысқы олимпиадаға қатысып жатқан спортшыларымыздың киімін дайындауға 1 айдан аса уақыт кеткен

Almaty.tv

Бейжің төріндегі Қысқы олимпиадада Қазақстан құрамасының киген формасы ең сәнді киімдер тізіміне енді. Бұған дейін мұны Халықаралық олимпиада комитеті мен шетелдік басылымдар да жарыса жазған еді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

        

Ұлттық колорит, қазақы аңыз бен тарихи бейне. Мұның бәрі – Қытайдағы Қысқы олимпиадада спортшыларымыз насихаттаған стиль. Себебі дәл осы фактілерді шетелдіктерге танытқымыз келді дейді киімнің дизайнері.

«Қазақ аңызындағы «Қара шаңырақ» оқиғасы қатты ұнады. Өзіңіз ойлап көріңізші, атадан балаға мұра болған қасиетті шаңырақ неге дәл қара түспен байланысты? Форманың түсіне қатысты сұраққа осылай жауап беремін. Анығында, бәрі ұлттық құндылықта жатыр», - дейді дизайнер Виолетта Иванова.

Виолетта Иванова бұған дейін Токиодағы олимпиадаға қатысқан спортшыларымыздың киім үлгісін де дайындаған еді. Ол бұл өнерге 6 жасынан қызыққан, ал жеке кәсібін 2005 жылы бастапты. Әр үлгіде терең мән, назар аударарлық астар болуы керек деп есептейтін дизайнер өз жұмысының әлемдік аренада танылғанына бек қуанышты.

«Тек ел ішінде емес, әлем алдында жұмысымыздың танылғаны біз үшін зор құрмет. Әрине, аз ғана уақыттың ішінде сапалы дүниені жасау үлкен жауапкершілік болды. Бірақ қолымыздан келді», - деді тігінші Марина Трусова.

Қытайдағы Қысқы олимпиадада көк туды көптің алдына алып шыққан спортшыларымыздың киімін дайындауға 1 айдан аса уақыт кеткен. «Қыс дегенде ақ түспен ғана астасып кеткен түсінікті ұлттық колоритке мән беру арқылы бұзғанымыз да жұмыстың маңызды бөлігі болды» дейді мамандар.

Мадина Оқас, Ануар Амангелдинов, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы