Қалада бір түнде 33 жол-көлік оқиғасы тіркелді
Ауа райының нашарлауына байланысты алматылық тәртіп сақшылары жол қозғалысына қатысушыларды қауіпсіздік шарасын күшейтуге шақырып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Алматы қалалық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Бұл үндеу негізінен көлікті басқаратын қала жүргізушілеріне арналған. Біз оларды жол қозғалысы ережесін қатаң сақтауға, жүргізуші мәдениетін танытуға және мұқият болуға шақырамыз. Бұл үндеу қазір өте өзекті және қала жолдарында қайғылы оқиғаларды болдырмауға көмектеседі», – деді Алматы қалалық ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Серік Шумаев.
Анықтама үшін: Алматы қаласы ЖПҚБ жедел басқару орталығының кезекші бөлімінің мәліметі бойынша, 11 желтоқсанда сағат 20:00-ден 12 желтоқсанда таңғы сағат 06:00 аралығында Алматы қаласында 33 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Оның 4-уінде жарақат алғандар бар. Қаза тапқандар жоқ.
«Сонымен қатар ауа райы жағдайының нашарлауына және қар түріндегі жауын-шашынға, ауа температурасының нөлдік деңгейге дейін төмендеуіне байланысты жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жүргізушілер мен көлік иелеріне көлігінің дөңгелектерін қысқы дөңгелекке ауыстыруды ұсынамыз», – деді, полковник Шумаев.