Мұндай технологиялар Иран, Пәкістан сынды мемлекеттердің шөлейтті аймағында қолданылып отыр
Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, әлемде 10 жылда бір рет болған құрғақшылық бүгінде 1,9 есеге артып отыр. Су тапшылығы әлемдік экономикаға орасан зор шығын әкелетіні сөзсіз. Су тапшылығы 2030 жылға қарай әлемдегі ең күрделі мәселелердің үштігіне қалып қоюы мүмкін, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі informburo.kz-ке сілтеме жасап.
Бүгінде М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің ғалымдары атмосфераға теріс зарядты иондарды жіберіп, ашық аспанға будақ бұлттарды жинауға болатын технологияны ұсынды. Нәтижесінде жаңбырды қажетті мөлшерде жауғызып, климатты реттеуге мүмкіндік туады.
«Қазір су тапшылығы мен құрғақшылықты жоятын инновациялық технология сынақтан өтіп жатыр. Мұндай технологиялар бүгінде Иран, Пәкістан сынды мемлекеттердің шөлейтті аймағында қолданылып отыр», – деді жоба авторлары.
М.Әуезов атындағы Оңтүстік қазақстан университетінің профессоры, техника ғылымдарының докторы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Нағима Жақыпбекованың айтуынша, бүгінгі күні Армения және Грузия мемлекеттерінің профессор-ғалымдарымен бірлесіп, су көздерін цеолит қоспасымен қайта өңдеу технологиясын енгізу жоспарланып отыр.
Оқи отырыңыз: Гавай аралдарындағы өрт: қаза тапқандар 100-ден асты