Су тасқыны: Атырау облысында жол бөлініп, көлік қатынасы тоқтады

11.03.2023 20:03

Бұл – былтыр жырылған жолдың бір бөлігі

Видеодан алынған кадр

Атырау облысының Қызылқоға ауданында су тасқынынан жол бөлініп кетті. Көлік қатынасы тоқтады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, «Индер-Қарабау-Миялы-Сағыз» тасжолының 248-260 шақырымында көлік қозғалысы шектелді. Жолдың бұл бөлігі Қызылқоға ауданының орталығы Миялы мен оған көршілес Жангельдин ауылын жалғайды.

Облыс әкімі баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, бұл – былтыр жырылған жолдың бір бөлігі. Топырақ төселіп, көлік өтетіндей етіп жасалған. Бүгін, 11 наурызда таңғы сағат 4:45-те еріген қар суының көп келуіне байланысты топырақ төселген жол қайта бұзылған.

«Жоспарға сәйкес жырылған жолдың бөлігіне су өткізетін арнайы құбыр қойылады. Былтыр жолдың бұл бөлігіне асфальт төселген жоқ. Жол тек топырақ төселген күйінде тұр», – деп мәлім етті облыс әкімінің баспасөз қызметінен.

Қазір Миялы ауылынан Жангелдин, Ойыл, Көздіғара, Тасшағыл, Жамбыл, Қызылқоға ауылдық округтеріне көлік қатынасы тоқтаған.

Қызылқоға ауданының әкімі Қанат Әзмұхановтың дерегіне қарағанда, 7 наурызға қараған түні нөсер жаңбыр жауған.

Жаңбыр мен еріген қардың салдарынан Миялы ауылдық округінде су деңгейі көтерілген. Бұл ауылішілік су басу қаупін туындатқан.

«Толассыз жауған жаңбыр Сағыз ауылының ортасымен өтетін Ноғайты өзенінің арнасын толтырып жіберді. Сол себептен өзен жағалауын бекітуге 80-нен астам тұрғын жұмылды. Қазір Ноғайты өзеніндегі су деңгейі біртіндеп төмендеп келеді. Ал Сағыз өзенінде ағыс бәсеңдеді», – деген еді Қанат Әзмұханов.

Оқи отырыңыз: Ауыл шаруашылық өнімдерін төмендете бермей, бағаны шектеу мәселесінен арылу керек – Сапарбай Жобаев