Eріген су республикалық маңызы бар жолдарды да шайып кеткен
Солтүстік Қазақстан облысындағы Сергеев су қоймасы ернеуінен асып, тасып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бір күннің ішінде су деңгейі бір метрден асып кеткен. Eріген су республикалық маңызы бар жолдарды да шайып кеткен. Қазір Солтүстік Қазақстан облысының 40-қа жуық елдімекенін су басу қаупі бар.
Сергеев қоймасындағы су ернеуінен 117 см-ге асып, төгіліп жатыр. Есіл өзені мен оның сағасында, шағын өзенде де осындай жағдай. Салдарынан, жақын маңдағы ауылдарды топан су басу қаупі жоғарылап отыр. Мысалы, Крещенка елдімекенінің маңында Есіл өзенінің суы молайып, 446 см-ге жеткен.
«Өткен жылмен салыстырсақ, үлкен айырмашылық байқауға болады. Былтыр Сергеевтегі су деңгейі ең көп дегенде 48 см-ге көтерілген. Қойма тек 18 сәуірге қарай тола бастаған еді», – деді «Қазгидромет» РМК облыстық филиалының бөлім меңгерушісі Дәурен Қосшығұлов.
Еріген қар суы республикалық маңызы бар жолдарды да шайып кетті. Жағдайды ретке келтіру үшін мердігер ұйым құмға толы 300 қапшықтан қорғаныс жасаған.
«Республикалық маңызы бар 2 автожолды су басты. Рузаевка ауылының маңында 809 шақырым жерде орналасқан "Екатеринбург-Алматы" тас жолында су 41 метрге дейін жайылған. Ал Көкшетау-Рузаевка тас жолындағы судың деңгейі 7 см-ге дейін жетті», – деді «Қазавтожол» АҚ облыстық филиалы жол қозғалысын пайдалану және қауіпсіздік бөлімінің бастығы Аян Қасымов.
Өңір құтқарушылары су тасқыны кезеңінде жедел әрекет ету үшін арнайы жұмыс топтарын құрды.
«Төтенше жағдайды жою үшін адам да, техника да жеткілікті. Қазір біз саяжай учаскелеріне ерекше назар аударып жатырмыз. Өйткені, Есіл өзенінің маңында су басу қаупі бар учаскелер бар. Сол үшін тәулік бойы жұмыс істейтін жедел штаб құрдық», – деді Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз хатшысы Евгений Журавлев.
Төтеншеліктер жағдай ушығатын болса, бұл іске жеке құрамының 1520 адамы мен 1000-нан аса техникасын жұмылдырамыз деп отыр. Жалпы, Солтүстік Қазақстан облысында ең үлкен су тасқыны 2017-інші жылы болып, Сергеев су қоймасынан тасыған су 300-ден астам үйді шайып кеткен болатын.
Нұргүл Алина, Жұлдызбек Ермұқанов, «Алматы» телеарнасы