Алматыда да ауа райы бұзылды. Таңертең басталған жаңбырдың арты қарға ұласып, көшеде қозғалыс қиындады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ауа райы құбылмалы Алматыға қалың қар түсті. Қала ішінде ақ ұлпаның қалыңдығы 10 см болса, тау бөктерінде ол 20 см-ден асады. Таңалакеуімнен коммуналдық қызметкерлер тынбай, ауыр техника дамыл таппай жұмыс істеп жатыр. Мегаполистің үлкен даңғылдары мен кең жолақты көшелерін тазартуға басымдық берілген.
– Біздің маршрут - Рысқұлов даңғылы, Бұқтырма көшесі. Шығыс айналма жолдарын тазартуымыз керек. Тазалау уақытымыз - 5-6 сағат. Көшедегі жүргізушілер кедергі жасамаса, түсіністікпен қараса, жақсы болатын еді, – деді «Алматы тазалық» МКК қызметкері Бейсенбай Тұтқышбай.
Қолайсыз ауа райынан кептеліс туындап, көптің жүріп-тұруы қиындады. Қалалық полиция департаментінің хабарлауынша, 82 көлік апаты болып, 9 адам жарақат алған. Ал қоғамдық көліктер штаттық режимде жұмыс істеп жатыр.
– Қар тазалау үшін 483 бірлік арнайы техника мен 1180 жұмысшы тартылды. 176 ауыр көлік жол мен тротуарларға құм, тұз, басқа да материалдар себілді. Жұмыс қазір де жалғасып жатыр. Аудан әкімдіктері өз аймақтары бойынша түнгі кезекшілік ұйымдастырады, – деді Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасының бас маманы Александр Сергеев.
Алматы халықаралық әуежайында да бірнеше рейстер өз уақытынан кешігіп ұшып жатыр. Мәселен бүгін таңнан бері «Аir Аstana» әуекомпаниясының Қызылорда, Астана, Шымкент бағыттары уақытынан кешіккен. Халықаралық бағыттағы Дели, Доха, Мәскеу сапары да кестеде көрсетілген мерзімінде шықпаған.
Алматыда таңнан бері жауа бастаған қар әлі де тоқтайтын емес. Түнде аяз болады. Синоптиктер мұндай ауа райы алдағы 3 күнде сақталады деп отыр. Сынап бағанасы 20 градусқа дейін төмендеуі мүмкін деген болжам жасалды. Ал республиканың солтүстік және шығыс облыстарында күн 40 градусқа дейін суытуы мүмкін.
Ұлағат Арғын, Ернат Болатбек, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Алматының коммуналдық қызметтері күшейтілген режимге ауыстырылды