Макронның айтуынша Қазақстан жаңа перспективалар құруға болатын серіктес
Франция президенті Эммануэль Макрон әлеуметтік желілердің бірінде Қазақстанға ресми сапарынан түйген ойын жазды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Аkorda.kz-ке сілтеме жасап.
Франция президенті 2023 жылғы 1 қараша күнгі Қазақстанға ресми сапарынан кейін Instagram желісінде Қазақстан мен Франция арасындағы қарым-қатынас жөнінде пікірін білдірді.
- Ұлы державалар қайта гегемон атануға ұмтылып жатқан, ал басқа елдер болжап болмайтын күйге түскен әлемде жаңа перспективалар құруға болатын серіктесің мен достарыңа арқа сүйей алатыныңды білген жақсы, – дейді Эммануэль Макрон.
Макрон "Қазақстан мен Франция осындай елдер қатарында" екенін атап өтті. Эммануэль Макрон қазақ жастары туралы да ойын айтты.
- Бүгінгі таңда Қазақстан мен Франция арасында көптеген келісім бар. Күрделі мәселелер бойынша ынтымақтастық бар. Және жастарымыз бар! Астанада кездескен жастар - достығымыздың көрінісі, мәдениеттеріміз бен тілдерімізді байланыстыратын буын, – деп жазады Франция президенті.
2023 жылғы 1 қарашада Франция президенті Эммануэль Макрон Қазақстанға ресми сапармен келді. Оны елорда әуежайынан премьер-министр Әлихан Смайылов күтіп алды.
Оқи отырыңыз: Тоқаев: Франция – Қазақстанның Еуроодақтағы маңызды серіктесі