Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сот жүйесінің тәуелсіздігін нығайта түсу үшін реформаны соңына дейін жеткізуіміз керектігін айтты
Бүгін жетінші шақырылған ҚР Парламентінің бірінші сессиясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сот қызметі туралы ақпарат қоғам үшін неғұрлым қолжетімді болуы керектігін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Сот қызметі туралы ақпарат қоғам үшін неғұрлым қолжетімді болғаны жөн. Құқық қорғау органдарының жұмысын да барынша өзгерту қажет. Бұл мәселе жөнінде Жолдауымда нақты айттым. Біз азаматтармен өзара қарым-қатынастың сервистік моделін енгіземіз. Қоғамдық қауіпсіздік жаңа цифрлық технологияларды қолдану арқылы қамтамасыз етіледі. Парламент заң үстемдігі, адал бәсеке және жекеменшікті қорғау қағидаттарының құқықтық негізін нығайта түсуі керек», – деді Мемлекет басшысы.
Осы орайда Президент бірқатар ұсыныстар бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.
«Бүгінде бірқатар заңнамалық ұсыныстар бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Дегенмен, әлі де көптеген тың бастамалар көтеріп, заңдар қабылдау қажет», – деді Қ.Тоқаев.
Сондай-ақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сот жүйесінің тәуелсіздігін нығайта түсу үшін реформаны соңына дейін жеткізуіміз керектігін айтты.
«Азаматтардың құқықтары лайықты қорғалмаса, әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан даму мүмкін емес. Бұл – аксиома, ақиқат. Осы орайда, сот жүйесінің тәуелсіздігін нығайта түсу үшін реформаны соңына дейін жеткізуіміз керек, - деді Президент. Қ. Тоқаевтың айтуынша, мемлекет тарапынан қолға алынған шараларға және Жоғарғы сот төрағасының тікелей өзі күш салып жатқанына қарамастан, сот корпусының сапасына қатысты әлі де түйткілдер бар. «Сот жүйесі жабық корпорация болмауға тиіс. Сондықтан, сот корпусын едәуір жаңартып, оған түрлі құқық салаларының мамандарын тарту керек. Үміткерлерді іріктеген кезде олардың кәсіби тәжірибесімен қатар, жеке қасиеттерін де ескерген абзал. Бұл жұмыс бұқаралық ақпарат құралдарында ашық көрсетілуге тиіс», – деді Мемлекет басшысы.
Бұған дейін Президент республикалық маңызы бар күре жолдар 100 пайыз жөнделетінін айтқан болатын.