Жаппай наразылықтан кейін парламент спикері Хуан Гуайдо өзін уақытша президент ретінде жариялады
ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев Венесуэладағы ахуалға байланысты ҚР сыртқы саяси ведомствосының ұстанымын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мәтініне қатысты тоқталсақ, Венесуэладағы ахуал халықаралық қауіпсіздікке залал келтірмейді. Біз бұл жағдайды ұлттық мәселе деп санаймыз. Осы орайда Венесуэла тарапын диалогқа, яғни аталған елдің заңнамасы аясында мәселенің саяси шешімін табуға шақырамыз», - деді Ержан Ашықбаев Парламент Мәжілісінде тілшілердің сауалына жауап бере отырып.
Айта кетейік, Венесуэладағы ахуал 23 қаңтарда ушыға түсті, яғни жаппай наразылықтан кейін парламент спикері Хуан Гуайдо өзін уақытша президент ретінде жариялады. АҚШ, ЕО-ның бірқатар мүшелері және латынамерикалық елдер оны заңды мемлекет басшысы ретінде таныды.