Қырғызстан Президенті мемлекеттік сапармен Нұр-Сұлтан қаласына келді

02.03.2021 17:50

Мемлекет басшысын Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді қарсы алды

president.kg


Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров елімізге мемлекеттік сапармен келді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Достық пен сенім сипатында өткен шағын және кеңейтілген келіссөздер барысында мемлекет басшылары стратегиялық әріптестік пен одақтастықты одан әрі нығайту келешегін саралады. Келіссөздер барысында коронавирусқа қарсы бірлескен жұмыстар талқыланды. Қазақстан қырғыз халқына кезекті гуманитарлық көмек ретінде медициналық құралдар мен дәрі-дәрмектер жолдауға дайын екенін растады. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қырғызстанның қарулы күштеріне әскери-техникалық көмек көрсетілетінін мәлімдеді.

«Қазақстан Қырғызстанның ең ірі сауда серіктестерінің бірі. Бұған қоса Қырғызстандағы көш бастаушы инвесторларының қатарына кіреміз.  Біз соңғы 15 жылда бұл елге 1 миллиард доллардан астам қаржы құйдық. Қазақ инвесторлары қырғыз экономикасының маңызды салаларын өркендетуге, әлеуметтік ахуалын жақсартуға қомақты үлес қосып келеді. Атап айтқанда жаңа жұмыс орындарын ашып, өндіріс секторы мен қаржы нарығын дамытуға ерекше көңіл бөлуде. Осы орайда біз өзара инвестицияларды қолдауға және қорғауға келістік», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өз кезегінде қырғыз Президенті алғысын білдіріп, екі ел арасындағы қарым-қатынастардың терең екенін айтты.

«Біз қырғыз елі Қзақстанның барлық жетістіктеріне әрдайым қуанамыз. Өйткені сіздер мен бізде байырғыдан үзілмей келе жатқан біртуағандық, мәдени және тарихи байланыстарымыз біріктіріп тұрады... Біз үшін Қазақстан жақын көрші ғана емес, негізгі стратегиялық серіктес өлке. Талай тарихта сыналған қырғыз-қазақ ынтымағы бұдан ары да шыңдалып, мәмілеміз бекемделе береді деп сенемін», – деді Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров.