Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әсел Жүнісова өз талап-тілегімен лауазымын босатып, оның орнына 34 жастағы Ілияс Өсеров келді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әсел Жүнісованың қызметінен кетуін өзі бала күтімімен байланыстырды. Алайда ол Алматы әкімінің кеңесшісі қызметінде қала береді.
Ал, Әсел Жүнісованың орнына Алматының стратегия және бюджет басқармасының басшысы болған 34 жастағы Ілияс Өсеров жайғасты. Жаңа орынбасарын Бауыржан Байбек мәслихаттың кезекті отырысында таныстырды.
«Алдымен банктік салада қызмет атқарды. Экономика министрлігінде де жұмыс істеді. Бес жылда курьер-сарапшыдан басқарма басшысына дейін көтерілді. Бас прокуратурада басқарма басшысы болып, 2015-ші жылы Алматыға өзі сұранып келді. Екі жыл қазіргі стратегия және бюджет басқарма басшысының орынбасары, соңғы екі жыл сол басқарманың басшысы болып қызмет атқарды», – дейді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.
Айта кету керек, Ілияс Өсеров Алматыда туған, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің, Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінің және Туран-Астана университетінің түлегі.
2017 жылдың қыркүйегінен бастап Алматы қаласының Стратегия және бюджет басқармасының басшысы қызметін атқарды. Бұрындары Алматы қаласы Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары болған.
Еңбек жолын ДБАО «Сбербанктің» несие әкімшілігі бөлімінде бастаған. ҚР экономикалық даму және сауда министрлігінде, ҚР экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінде түрлі лауазымдарда істеген. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасының басшысы болған.
Жаңа қызметінде Ілияс Өсеров стратегия мен бюджет, мемлекеттік активтер, туристік қызмет, халықаралық ынтымақтастық пен цифрландыру мәселелеріне басшылық жасайды.