Тұңғыш президенттің отбасы мүшелеріне артықшылық беретін ереженің барлығы жойылады
Елбасы туралы заңның күші жойылды. Аталмыш құжат бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында қаралып, заң жобасын депутаттар екінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойса, тағы жиырмаға жуық заңға өзгеріс енгізіледі. Яғни Тұңғыш президенттің отбасы мүшелеріне артықшылық беретін ереженің барлығы жойылады.
Нұрсұлтан Назарбаевтың тек ел президенті ретінде құқығы сақталады. Қазақстанды 30 жылға жуық басқарған Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевқа қатысты заң толығымен өз күшін жойды. Осыдан 23 жыл бұрын Ата заңда жазылған алғашқы Президентке қатысты мүмкіндіктер бұдан былай болмайды. Әділет министрінің сөзінше, салалық заңдардағы Елбасы туралы 20-дан астам норма алынып тасталынады.
«Бұл бір күндік жұмыс емес. Олардың күшін жою – кешенді іс. Анықтап, тиянақты заң шығару тәртібімен қарастыру керек», – деді Азамат Есқараев.
«Заң бойынша қазір заң күшін жойғаннан кейін, Тұңғыш президенттің өзінің, отбасының шоттарына, мүлкіне деген кепілдіктер күшін жояды», – деді ҚР Әділет министрі Азамат Есқараев
Министрдің айтуынша, Тұңғыш президенттің жеке басына, абырой, мәртебесіне қол сұғуға болмайды. Ал ондай жағдай болып қалса тікелей заңмен қудаланады екен. Азамат Есқараев Назарбаевтың туыстары заң бұзса, қылмыстық жауапқа тартылатынын жеткізді.
«Тарихи заң деп айтуға болады. Бүгінгі күшін жойған заң және басқасын алатын болсақ, тарихи әділеттілік мәселесі, жаңағы бір адамға негізделген жүйеден басқа жүйеге өту деген үлкен фундаментальды заң», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айдос Сарым.
Депутаттар құжатты екі оқылымда қарады. Талқылаудан кейін олар бірауыздан қолдап дауыс берді. Енді соңғы шешім Президенттен. Құжат Мемлекет басшысына қол қоюға жіберілді.
Камшат Мұхамеджан, Нұрлан Өтеген, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарасы, Астана