Тараптар екі ел арасындағы сауда айналымы өткен жылы 30 пайызға артқанын атап өтті
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Армения президенті Армен Саркисянмен кездесті, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Қазақстан президенті Армения басшысына Астана экономикалық форумына қатысуға келгені үшін ризашылығын білдіріп, екі ел арасындағы ынтымақтастық мәселелеріне тоқталды.
"Қазақстанда армян ұлтының өкілдері өзге этностармен жарасымды өмір сүріп, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосып келеді. Екіжақты ынтымақтастықтың бастауында Тұңғыш президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тұр. Сол кісінің идеясының негізінде құрылған Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы ынтымақтастығымыз да артып келеді. Сонымен қатар БҰҰ сияқты ғаламдық, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы сынды аймақтық ұйымдарда да ұстанымымыз жақын", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Армен Саркисян тараптардың экономикалық байланысын арттыруда Астана қаржы орталығының маңызы зор екенін айтты.
"Біз халықаралық ұйымдар аясында да, екіжақты қарым-қатынаста да ынтымақтаса жұмыс істеп келеміз. Астана қаржы орталығының құрылуы екі ел арасындағы экономикалық байланыстарды одан әрі дамыта түсетініне сенемін", – деді Армен Саркисян.
Тараптар екі ел арасындағы сауда айналымының өткен жылы 30 пайызға артқанын атап өтіп, алдағы уақытта осы бағыттағы ынтымақтастықты кеңейте беруге уағдаласты.