ҚР Тұңғыш Президенті күні – әлем көшбасшыларының Елбасы туралы пікірі

01.12.2021 18:08

1991 жылғы 1 желтоқсанда бүкілхалықтық сайлау нәтижесінде еліміз өзінің тұңғыш Президентін сайлады және осы күннен тәуелсіздік тарихы басталды

martebe.kz

1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні. 1991 жылғы 1 желтоқсанда бүкілхалықтық сайлау нәтижесінде еліміз өзінің тұңғыш Президентін сайлады және осы күннен тәуелсіздік тарихы басталды.

Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиялық бастамалары, болашақты болжай білетін көрегенділігі, сарабдал саясаткерлігі арқасында көпұлтты мемлекетіміз дамудың даңғыл жолына түсті. Бүгінде Қазақстан бірлік пен қоғамдық келісімнің алтын бесігіне айналды. Еліміздегі татулық пен ынтымақтың бірегей үлгісін жаһан жұртшылығы зерделеп, «Қазақстандық жол» және «Назарбаев моделі» деп баға береді. Елбасының салған сара жолына әлемдік саясаткерлер мен ғалымдар тарапынан қызығушылық жоғары.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың феномені туралы әлем көшбасшыларының шетелдік БАҚ жарияланымдарында жазылған пікірлерді назарларыңызға ұсынамыз.

Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин:

Нұрсұлтан Әбішұлы — саясатта көптен, кеңес дәуірінен келе жатқан тұлға. Мені қатты таңғалдыратыны — оның заман тынысын тап басып танитыны... Бұл қасиет — бүгінгі әлемді дөп басып сезіне алатын қасиет оған қайдан дарыған?!

Жақында Нұрсұлтан Әбішұлының тағы бір қасиетін байқадым. Ол кейбір нақты жағдайларда өте сезімтал болуы мүмкін. Демек, ол адами қасиеттерін жоғалтпағаны. Бұл мен үшін өте маңызды, өйткені осы қасиет - адамның аса бір жақсы қасиеті.
Ол адал да әділ. Кейбір мәселелерді талқылағанда, әрдайым қарапайым адамдарға бұл қалай тиеді деп ойлап тұрады. Бұл жеке адамға, қарапайым отбасылар өміріне қалай әсер етеді? Солардың орнына өзін, өзінің жақындарын қойып көріп барып, шешім қабылдайды. Ол — өз халқының бір бөлігі.
Қазақстан үшін Нұрсұлтан Назарбаев – тарихи бірегей тұлға. Өйткені, осы уақытқа дейін қазақтарда қазіргі мемлекеттік құрылымы бар мемлекет болмады. Ол - тек қана Қазақстанның Тұңғыш Президенті ғана емес. Ол Қазақ елін, қазақстандық мемлекеттілікті құрушы. Оның бірегей тарихи рөлінің мағынасы да осында. 

Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин:

Сізді Қазақстанның негізін қалаушы тұлға және барша Қазақстан халқының қолдауына ие болған Ұлт көшбасшысы ретінде білеміз. 30 жыл ішінде Қазақстан халқы Сіздің басшылығыңызбен көптеген қиыншылықты еңсеріп, тәуелсіз, демократиялық, өркендеген, бай әрі қуатты Қазақстан Республикасын құра білді. Алдағы уақытта да Қазақстанның Сіз айқындап берген саяси бағытты ұстанып, жаңа табыстарға жететініне, сондай-ақ қарқынды дами түсетініне сенімдімін. 


Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайып Ердоған:

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев – өз заманының аса көрнекті тұлғасы және түркі жұртының ақсақалы. Біз Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық бастамаларына әрқашанда қолдаймыз, әрі зор құрметпен қабылдаймыз. Қазақстан Президентінің түркі әлеміндегі беделі өте жоғары, Нұрсұлтан Назарбаевтың барша түркі халықтарының басын біріктіріп, бауырлас түрік елімен қарым-қатынасты нығайтуға сіңірген ерен еңбегін атап өткім келеді.


Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко:

Арамыздағы ашықтық пен сенімділікке құрылған диалогты жоғары бағалаймын, бұл Қазақстан Республикасы мен Беларусь Республикасы арасындағы достастық пен әріптестік қатынастардың нығаюына айтарлықтай ықпал етті. Елдеріміз түрлі салада көптеген болашағы жарқын жобаларды сәтті жүзеге асыруда. Қазақстан-беларусь ынтымақтастығы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығындағы интеграциялық үдерісті дамытуға жағдай туғызатын маңызды фактор болып табылады.
Сіздің ауқымды әрі сан қырлы тәжірибеңіз мемлекеттеріміз арасындағы қарым-қатынастың одан әрі кеңеюіне ықпал ететініне сенімдімін.


БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш:

Қазақстан Сіздің Президент лауазымына сайлануыңыздан бастап бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтауға, ядролық қаруды таратпауға, превентивті дипломатияның және терроризмге қарсы іс-қимылдарға қатысты БҰҰ-ның құндылықтарын қорғау және ілгерілету ісінде маңызды рөл атқаруда. Орнықты даму мақсаттарының жақтаушысы ретінде Қазақстанның рөлін жоғары бағалаймын.

Сингапур Республикасының Премьер-министрі Ли Куан Ю (1959-1980 жж.):

Президент Назарбаев – кеңес саясатындағы жұлдызы жанған, одақтас республикалар лидерлері арасындағы ірі тұлға. Қазақстанның 50 жасар көшбасшысы Одақ республикаларының басқа көшбасшылары мойындаған бір қарағанда әрі қатал, әрі тәжірибеге сүйенетін, тез шешім қабылдай алатын қайраткер, сондай-ақ тартымды, дарынды және батыл басшы. Егер Назарбаевқа республика тізгіні тапсырылса, Қазақстанның табысқа жету мүмкіндігі анағұрлым басым болады.


Ұлыбритания Премьер-министрі Маргарет Тэтчер (1979-1990 жж.)

Қазір әлемде бес-алты ірі және өте ықпалды саясаткер бар. Солардың бірі – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. 
Мен оған толық сенемін және оның Қазақстанда жүзеге асырып жатқан бастамаларымен келісемін.


АҚШ Президенті Барак Обама (2009-2017 жж.):

Президент Назарбаев ядролық қауіпсіздік және қаруды таратпау мәселесінде әлемдегі үлгілі көшбасшылардың бірі. Қазақстан мемлекет ядролық қарудан бас тартып-ақ қауіпсіздік пен экономикалық гүлденуге қол жеткізуге болатындығының керемет үлгісі бола білді.
Ядролық қарудан бас тарту арқылы қазақстандықтар аймақтағы бар мемлекеттен қауіпсіздікке кепілдік алды, әрі бұл Қазақстанды аймақтағы тұрақты мемлекеттердің біріне айналдырды.
Оқшау болып қалуы да ықтимал болған, алайда ядролық қарудан бас тарту арқылы Қазақстан халықаралық экономика үшін ашық және шетелдік инвестиция тартуға қолайлы елге айналды.

Ильхам Әлиев. Әзербайжан Республикасының Президенті:

Аймақтағы бейбітшілікке бағытталған Қазақстан басшылығының жүйелі дана саясаты көбіне қауіпсіздікті нығайтуды көздейді. Қазақстан тұғыры биік, тегеуріні мықты мемлекетке айналды. Сондықтан да аймақтық мәселелерді шешуде Қазақстанның рөлі мен маңызы арта түсуде, ал біз бұл мемлекеттің жетістігіне әрқашан да қуаныштымыз. Мен Қазақстанның жаңа елордасын көріп, қарқынды құрылыспен салынып жатқан жаңа қаланың көркіне тәнті болдым.