Тоқаев: Қазақстан жолаушылар мен жүктерді тасымалдау ісін қамтамасыз ететін ыңғайлы айлақ болуға дайын

Ақорда / пресс-служба Акорды
Ақорда / пресс-служба Акорды
Қытайда өтіп жатқан «Белдеу және жол» форумында 100 миллиард долларға жуық қаражатқа келісім жасалды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қытайда өтіп жатқан «Белдеу және жол» форумында 100 миллиард долларға жуық қаражатқа келісім жасалды. Аталған іс-шараға еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. Келелі кездесуге 150-ден астам мемлекеттен 4 мыңнан көп делегат келген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қазақстан Президентінің Бейжіңге ресми сапарының екінші күні «Бір белдеу, бір жол» халықаралық ынтымақтастығы форумының ашылу рәсіміне қатысудан басталды. Мемлекет басшысы форумды мінсіз ұйымдастырғаны үшін Қытай төрағасы Си Цзиньпинге алғыс айтып, «аспан асты елінің» жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісіндегі шешуші рөліне назар аударды. Сондай-ақ  Президент бұл мемлекет экономикалық және технологиялық дамудың локомотиві деп атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халықаралық маңызға ие көлік-логистикалық торапқа айналуға барынша күш салып отырғанын жеткізді.

– Бүгінде Қытайдан Еуропаға жасалатын жерүсті транзиттік тасымалдың 85 пайызға жуығы Қазақстан аумағы арқылы өтеді. Көлік-транзит саласының дамуына баса мән бере отырып, соңғы 15 жылда біз осы мақсаттарға 35 миллиард доллардан астам қаражат бөлдік. Ляньюньгандағы қазақ-қытай логистикалық орталығы, «Қорғас» құрғақ порты, Батыс Еуропа – Батыс Қытай транзиттік магистралі, Қытайдан Иранға баратын теміржол дәлізі сияқты ірі инфрақұрылымдық жобалар іске қосылды. Біз мұнымен тоқтап қалмаймыз, – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті үш жыл ішінде 1 мың 300 шақырым жаңа теміржол салуға, «Бақты» және «Қалжат» жаңа құрғақ портының құрылысына қатысты жоспарын ортаға салды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, мұның бәрі Қазақстанның ірі экономикалық жобалары Қытайдың жаһандық бастамасымен ұштасатынын анық көрсетеді.

– Қазақстан мен Қытай арасында Транскаспий бағытын дамыту жөніндегі үкіметаралық екі келісімге қол қойылды. Жуық арада олардың  айтарлықтай нәтиже беретініне сенімдімін. Күш-жігерімізді тиімдірек үйлестіру үшін ірі стратегиялық порттардың, логистикалық орталықтардың және пошта хабтарының серіктестік желісін құруды ұсынамын. Сонымен қатар, кемелер мен контейнерлердің бірлескен өндірісін жолға қоюға мүдделіміз. Қазақстан жолаушылар мен жүктерді тұрақты тасымалдау ісін қамтамасыз ете отырып, әлемнің жетекші әуе компаниялары үшін сенімді әуе көпірі және ыңғайлы айлақ болуға дайын, – деді Мелекет басшысы.

Мемлекет басшысының айтуынша, қазақ-қытай қатынастары мәңгілік әрі жан-жақты стратегиялық серіктестіктің жоғары деңгейіне жетті. Бұл ретте ел басшыларының тұрақты кездесулері елеулі рөл атқарды. Өйткені келіссөздер барысында тату көршілік қарым-қатынас пен өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі нығайту үшін негіз қаланады. Форумнан кейін Президент Қытайдың Халықтық саяси консультативтік кеңесі Бүкілқытайлық комитетінің төрағасы Ван Хунинмен келіссөз жүргізді. Олар екіжақты қарым-қатынастың бүкіл бағыты бойынша ынтымақтастықты нығайту перспективаларын талқылады.

Өмір Серікбекұлы, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Президент Ван Хунинмен келіссөз жүргізді

Новости партнеров