Қазақстан тарапынан интеграциялық процестерді тежеу туралы сөз болуы мүмкін емес - Тоқаев

09.12.2022 21:09

Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде мемлекеттік қызметтердің 90 пайыздан астамы электронды форматта көрсетілетіндігін атап өтті

Қазақстан ЕАЭО туралы шартқа толық сай келетін экономикалық интеграция процесін жетілдіру және оңтайландыру үшін барлық күш-жігерін жұмсайды. Бұл туралы Бішкекте өтіп жатқан Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды Almaty.rv.

«Қазақстан интеграцияны дамытуға мүдделі екенін тағы атап өтемін. Қазақстан тарапынан интеграциялық процестерді тежеу туралы сөз болуы мүмкін емес. Қазақстан, керісінше, ЕАЭО туралы шартқа толық сай келетін экономикалық интеграция процесін жетілдіру және оңтайландыру үшін барлық күш-жігерін жұмсайды. Біздің халықтарымыз, әрине, Қазақстан халқы да, біздің кәсіпкерлеріміз де мұндай интеграцияның пайдасы мен нәтижесін көруі тиіс. Дегенмен көзделген көптеген интеграциялық бағыт бойынша біз әлі де «кібіртіктеп» тұрмыз. Мысалы, Одақтың цифрлық күн тәртібіндегі жұмыстардың нәтижесі көрінбейді. Қазақстан бұл бағытта айтарлықтай алға жылжыды. Бүгінде біз цифрландырылған отыз мемлекеттің қатарына кіреміз», - деді ҚР Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде мемлекеттік қызметтердің 90 пайыздан астамы электронды форматта көрсетілетіндігін атап өтті.

«ІТ технологиялар мен инновациялардың бәсекеге қабілетін арттыру үшін заңнамалық негіздер жасалды. IT стартаптарының халықаралық технопаркі табысты жұмыс істейді. Криптоиндустрия дамып, цифрлық теңге енгізіліп жатыр. Осының бәрін интеграцияны дамытуға, еуразиялық ауқымдағы жобаларды жасауға пайдалануымыз керек деп есептеймін. Бұл жүзеге асыруға болатын міндет. Мұның үстіне Ресей, Беларус, Армениның мұндай салалаларда тарихи тұрғыда айтарлықтай тәжірибесі бар. Біз Одаққа мүше елдерді осы бағыттағы жұмысты жандандыруға шақырамыз», - деді Мемлекет басшысы.