Үкімет басшысы кеңес қорытындысы бойынша бірқатар кешенді алдын алу шараларын қабылдауды жүктеді
Қытайда коронавирустың жаңа түрінің өршуіне байланысты қазақ-қытай шекарасындағы «Қорғас» Шекарамаңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының жұмысы уақытша тоқтатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Қазақстан аумағында коронавирустың тарауына жол бермеу және оның алдын алу шаралары жөнінде кеңес өткізгенін бұған дейін жазған болатынбыз. Үкімет басшысы кеңес қорытындысы бойынша бірқатар кешенді алдын алу шараларын қабылдауды жүктеді. Соның ішінде «Қорғас» ШЫХО-ның қазақстандық бөлігінің жұмысын уақытша тоқтату тапсырмасы бар. Сондай-ақ келесідей шаралар қолға алынады:
1. Мемлекеттік шекарадан өткізу бекеттерінде, оның ішінде әуе, автокөлік және теміржол көлігі нысандарында санитарлық-эпидемиологиялық және көші-қон бақылауын күшейту;
2. ҚХР-дан келген барлық адамдарға тұрғылықты мекенжайы бойынша медициналық бақылау орнату;
3. Эпидемиологиялық ахуал нашарлаған жағдайда халыққа қажетті көмек көрсететін медициналық ұйымдардың дайындығын қамтамасыз ету;
4. Қытайға қызметтік іс-сапарларды шектеу, сондай-ақ жеке істер мен туристік мақсаттарда бармауға кеңес беру;
5. ҚХР-дан келетін транзиттік жолаушыларға ҚР аумағына 72 сағаттық визасыз келу режимін уақытша тоқтату;
6. ҚХР аумағындағы қазақстандық азаматтармен оларға консулдық және өзге де көмек көрсету мақсатында жұмысты жандандыру;
7. Мемлекеттік органдар коронавирустық инфекцияның таралуын болдырмау жөніндегі іс-қимылды үйлестіру мақсатында ҚХР және басқа да мүдделі елдердің тиісті мемлекеттік құрылымдарымен қажетті өзара іс-қимылды ұйымдастыруы тиіс;
8. Қажет болған жағдайда ҚХР Ухан қаласында жүрген Қазақстан студенттері мен ҚР басқа да азаматтарын шұғыл эвакуациялауды қамтамасыз ету;
9. Премьер-Министрдің орынбасары Б. Сапарбаевтың төрағалық етуімен ведомствоаралық комиссия құру, оған Қазақстанда коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі іс-қимыл жоспарын әзірлеу тапсырылды. ҚР Премьер-Министріне қалыптасқан ахуал және оларға әрекет ету шаралары жөнінде Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ш. Нұрышев, Қазақстанның бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінің директоры Д. Ділманов, сондай-ақ Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарының басшылығы баяндады. Еске, салайық, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдан Қазақстан аумағына коронавирустың таралуына жол бермеу бойынша нақты ұйымдастыру шараларын қабылдауды тапсырған болатын.