Осындай келеңсіздіктерді болдырмау үшін бастауыш ұйымдардың мәтебесін арттыру қажет. Бұл жұмыстың нәтижелі болуына септігін тигізеді. Ел Президенттігіне үміткер- Аманкелді Таспихов Ақтөбе облысындағы сайлаушылармен кездесуде салалық кәсіподақтардың байланысын арттыру мәселесін көтерді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қазір кәсіподақ федерациясының басымдық беріп отырған ең негізгі мәселесі – жұмысшылардың еңбегіне сай жалақы төлеу және келісім-шартты дұрыс жасау. Осы талаптар тиянақты орындалғанда ғана қарапайым еңбек адамының құқы бұзылмайды. Ал бұл – салалық кәсіподақ ұйымының ең басты міндеттерінің бірі.
Еліміздің батыс өңірлерінде бюджеттік салада маман тапшылығы әлі де байқалады. Ең басты себеп еңбекақы айырмашылығы. Бұл өңірде бюджет қызметкерлері мұнай-газ компанияларындағы жұмысшыларымен салыстырғанда, 11 есе аз айлық алады. Сондықтан аймақтағы әсіресе денсаулық және білім беру мекемелеріне жас мамандар барғысы келмейді.
«Ең өзекті мәселе бюджеттік сала қызметкерлерінің әсіресе әсіресе ауылдық жердегі қызметкерлердің жалақысы. Сосын көпбалалы аналардың жәрдемақысының аздығы. Менің бағдарламамда осылардың барлығы қамтылған. Төрттен көп баласы барлар отбасылардың тауық-жұмыртқасын санамай, неге бірден жәрдемақы тағайындамасқа?. Дүниежүзі бойынша жағдай солай», – дейді үміткер Аманкелді ТАСПИХОВ.