Қала бойынша бүгінде 1 миллион 130 мың 792 сайлаушы тіркелген
Алматы қаласының аумақтық сайлау комиссиясы 9 маусымда өтетін саяси науқанға толық дайын. Қала бойынша бүгінде 1 миллион 130 мың 792 сайлаушы тіркелген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
ҚР Президентін сайлау күнінде Алматыда 563 сайлау учаскелері жұмыс істейді. Ал, одан бір күні бұрын 8 маусым – тыныштық күні. Осы ретте жауаптылар алматылықтарды мәдениетті болуға шақыруда. Өйткені бұрынғы тәжірибе барысы аңғартқандай, әдетте сайлауға бір күн қалғанда қала аумағында ілінген ақпараттық қағаздар мен кандидаттардың жапсырылған үгіт парақшалары жұлынып, аяқ асты болып жатады екен.
«Кандидаттардың қор тарапынан ақша шығарылып жатыр. Біздің жасап жатқанымыз – үгіттік емес, ақпараттық материалдар. Мұның бәрі сайлау күні әрбір сайлаушы сайлау учаскесі туралы ақпаратты, өзінің қайда дауыс беру керек екендігін, мекен-жайын білу үшін жасалып жатқан іс-шаралар. Сондықта, шынымен де, мұндай жасап жатқан жұмысымызды еш кетірмей, аяққа таптамай, материалдарды бұзбай алматылықтарды сабырлы болуға шақырамыз», – дейді Алматы қаласы аумақтық сайлау комиссиясының төрайымы Жанна АСАНОВА.