ҚР ОСК: 12 067 0475 сайлау бюллетені дайындалады

21.05.2019 22:10

vlast.kz

2019 жылғы 9 маусымға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына 12 067 0475 сайлау бюллетені дайындалады. Бұл туралы ҚР Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Сәбила Мұстафина мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 37-бабы 2-тармағына сәйкес, сайлау бюллетеньдерi сайлаушылардың жалпы санының 1 процентi резервiмен сайлаушылардың санына тең мөлшерде дайындалады. 

Осыған байланысты 12 067 475 сайлау бюллетенін дайындау қажет.

«Орталық сайлау комиссиясы Президенттi сайлау жөнiндегі дауыс беруге арналған бюллетеньдердiң нысаны мен мәтiнiн белгiлейдi. Сондай-ақ оларды дайындауды қамтамасыз етедi. Президентті сайлау жөніндегі сайлау бюллетенінің нысаны Орталық сайлау комиссиясының 2018 жылғы 23 тамыздағы № 11/192 қаулысының 1-қосымшасына сәйкес белгіленген. Сайлау бюллетенiне мемлекеттiк тiлдiң әлiпбилiк тәртiбiмен тегi, аты, әкесiнiң аты көрсетiле отырып, барлық тiркелген кандидаттар енгiзiледi», - деді ол. 

ОСК хатшысының сөзіне қарағанда, бюллетеньдерді қолдан жасаудан және тиісінше оларды бұрмалаудан қорғауды қамтамасыз ету мақсатында сайлау бюллетеньдерінің қорғалу дәрежесі белгіленген. Сайлау бюллетеньдерін облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың сайлау комиссияларына жеткізу арнайы байланыспен жүзеге асырылады. 

«Облыстық, республикалық маңызы бар қалалар мен астананың сайлау комиссияларына сайлау бюллетеньдерін үш күннен, яғни 6 маусымнан ерте емес және сайлауға дейін бір күннен, яғни 8 маусымнан кешіктірмей жеткізуді қамтамасыз ету қажет», - деді С.Мұстафина.