Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йоркте 20 минут сөз сөйледі

25.09.2019 22:35

Сөз сөйлер алдында Тоқаев Украина Президенті Владимир Зеленскиймен кездесті

«Әлемдік дағдарыс пен күрделі ахуалға қарамастан Қазақстан тұрақты даму және жан-жақты диалог саясатын ұстанып келеді». Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йоркте өтіп жатқан БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясында айтты. Қазақстан Президенті әлем елдері басшылары мен өкілдерінің алдында 20 минут сөз сөйледі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мемлекет басшысы дағдарыс пен қоршаған ортаның құлдырауына ықпалын тигізетін әлеуметтік, экономикалық және технологиялық теңсіздікке алаңдаушылық білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық саясат протекционизмінің артуы – халықаралық әріптестік пен ынтымақтастыққа нұқсан келтіруде, деп санайды. Сонымен қатар, ядролық қаруды толығымен жоюды қолдайтынын білдірді. Бұл жаһандық мәселені шешуде Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасының  қосқан үлесін екенін атап өтті.

«Жоғарыда аталғандардың барлығы тереңде жатқан дағдарыстың негізгі үрейі. Бұл қиын жағдайда Қазақстан жан-жақты және тұрақты даму, жан-жақты диалог пен бейбіт күш-жігер саясатын берік жүргізіп келеді. Ядролық қарудан азат бейбітшілікке қол жеткізу, менің елім үшін басты басымдық болып қала береді. Бұл ұмтылыс бізге ядролық қаруды жою үшін жаһандық қозғалыстың алдыңғы қатарында болуға моральдық құқық беріп, қазақ халқының жалпыұлттық бірегейлігінің ажырамас бөлігіне айналды», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.

Бас Ассамблея алаңында сөз сөйлеуге шықпас бұрын Қасым-Жомарт Тоқаев Украина Президенті Владимир Зеленскиймен кездесті. Екі елдің көшбасшылары бірін-бірі жоғары мемлекеттік лауазымға сайлануларымен құттықтады. Келіссөздер жүргізген соң қос мемлекет басшысы өз елдеріне іс сапармен келуге шақырды. Қазақстан Президенті Грузия, Польша, Болгария Президенттерімен және Иордания Королімен кездесті. Олар түрлі салалардағы өзара тиімді әріптестік туралы талқылады.