Бас прокуратура мамандарының айтуынша, сайлау учаскелеріндегі жағдай қалыпты
Еліміздегі сайлау учаскелерінде өрескел заң бұзушылықтар жоқ. Бұл туралы Бас прокуратура өкілдері мәлімдеді. Алайда, әлеуметтік желілерде бірқатар құқықбұзушылық тіркелген. Саяси маңызды науқан жайлы халықаралық бақылаушылардың ойы қандай? Дауыс беру бойынша қазіргі жағдайды «Алматы» телеарнасының елордадағы тілшісі айтып береді.
Сағат 16.00-ге дейін Қазақстандағы барлық сайлаушылардың 65,9 пайызы дауыс берді. Бас прокуратура мамандарының айтуынша, сайлау учаскелеріндегі жағдай қалыпты. Өрескел заң бұзушылықтар жоқ. Десе де, жеке кандидаттарға үгіт насихат жасаған бірнеше факт тіркелген. Оған заңмен тыйым салынғаны белгілі. Нақты бір кандидатқа дауыс беріп, бюллетенді әлеуметтік желілерге жүктеуге болмайды. Бұл үшін әкімшілік жаза мен айыппұл қарастырылған, дейді құқыққорғаушылар.
«Дауыс беріп, бюллетендерін суретке түсіріп, интернет желілеріне жүктеген азаматтар бар. Бұл да үгіт-насихат саналады. Сондай-ақ, комиссия отырыстарын да түсіріп, әлеуметтік желілерге салған жағдайлар да кездесіп жатыр. Комиссия қатысушылары мен бақылаушыларға берілген қаулыны да БАҚ-қа жариялауға тыйым салынған», - дейді ҚР Бас прокурорының орынбасары Болат ДЕМБАЕВ.
Ал, еліміздің ішкі істер министрлігі сайлау учаскілерінде бірер заңсыздықтың болғанын айтады. Мәселен, Қызылорда облысы Арал қаласында 42-ші сайлау учаскесінде ер азамат мас күйінде келіп, сайлау жәшігін аяғымен теуіп сындырған. Қазіргі уақытта ол медициналық мекемеге жеткізілген. Әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Алайда, алаңдауға еш негіз жоқ. Ішкі істер министрлігі Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласында арандату жайттары тіркелгенін айтты. Заңды бұзғандар ұсталған.
«Алматы, Нұр-Сұлтанда митинг ұйымдастыруға қатысқан жүздеген адам бар. Олардың нақты санын кейін айтамыз. Журналистерді ұстау фактілері болса, жедел түрде өзінің міндеттерін жалғастырғандай шаралар қолданамыз», - дейді ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат ҚОЖАЕВ.
Айта кету керек, 7-12 маусым аралығында ІІМ күшейтілген режимде жұмыс істейтін болады. Қоғамдық орындарда қауіпсіздікті 10 мың полицей мен ұлттық ұлан сарбаздары қадағалауда. Ал, сайлау учаскелерінде кезекшілікте 20 мың тәртіп сақшысы жұмыс істеуде.
Рахмет. Елордадан тікелей байланысқа шыққан әріптесім Салтанат Нысанбек болатын.