Тұңғыш Президент қоғамды жұмылдырудағы және елдің одан әрі дамуын қамтамасыз етудегі маңызды рөлін атап өтті
Праймериз барлық қатысушылар үшін әділ, ашық және тең жағдайда ұйымдастырылуы керек. Бүгін «Nur Otan» партиясының Саяси кеңесі Бюросының отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осындай тапсырма берді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Басқосуда Бюро мүшелері «Nur Otan» партиясының 7 серпіні – Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам» атты партия жұмысын қайта жандандыру бағдарламасын жүзеге асыру барысын және партияның ішкі іріктеуін өткізу мәселесін талқылады. Тұңғыш Президент қоғамды жұмылдырудағы және елдің одан әрі дамуын қамтамасыз етудегі маңызды рөлін атап өтті. Бір жыл ішінде атқарылған жұмыстарға баға берілді.
«Бір жыл ішінде ауқымды жұмыс атқарылды. Партияға деген сенім халықтың арасында артып келеді. Жұртшылық партияға өз мәселелерін шешу үшін жиі жүгінетін болды. Жыл басынан бері қоғамдық қабылдауға тек 270 мың адам өтініш білдірген. Карантин кезінде де онлайн өтініштер 5 есе көбейді. Бұл мәселелердің жартысынан астамы өз шешімін тауып қалғандары бойынша тиісті кеңестер берілді. Коронавирус кезінде қарапайым халық біздің партияның көрсеткен нақты қолдауды да сезінді», – деді Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы жиында сөйлеген сөзінде қазіргі уақытта праймеризге қоғам тарапынан зор қызығушылық бар екенін атап өтті. Сонымен қатар праймеризге қатысушылар жергілікті жерлерде өткір мәселелерді ашық көтеруі және кемшіліктерді анықтап, нақты шешімдер ұсынуы керек екенін айтты. Партияның ішкі іріктеуінің келесі кезеңдерін жүзеге асыру үшін ұйымдастыру жұмыстарын сапалы өткізудің маңыздылығына назар аударды.
«Праймериздің міндеті – халықтық партиялық тізімдерді қалыптастыру, қоғам қолдауына ие, нақты жағдайды білетін беделді көшбасшыларды, белсенді адамдарды бәсекелестік негізінде іріктеу. Біз өз өңірін және елімізді дамытуға дайын барлық азаматтар үшін «әлеуметтік лифт» қалыптастырдық. Праймериз барлық қатысушылар үшін әділ, ашық және тең жағдайда ұйымдастырылуы керек. Партияның ішкі үгіт-насихаты қыркүйекте басталады. Коронавирус індеті жағдайын ескере отырып, оны Денсаулық сақтау министрлігінің ұсыныстарына сәйкес орындау керек. Барынша қауіпсіздік шараларын қабылдау қажет. Ең бастысы – азаматтардың денсаулығы», – деді Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.