Қ. Тоқаев VI Шығыс экономикалық форумында: транзиттік тораптарды дамытуда еліміздің әлеуеті мен мүмкіндіктері

04.09.2021 02:18

Мемлекет басшысы өзара ықпалдастықты күшейту үшін бірқатар бағытқа егжей-тегжейлі тоқталды

Фото: ашық дереккөзден

Тәуелсіздікке қол жеткізгелі қазақстанға шетелден 365 миллиард доллардан астам тікелей инвестиция тартылды. Тіпті былтырғы дағдарыстың өзінде елімізге салынған инвестицияның көлемі 35 пайызға артқан. Бұл туралы VI Шығыс экономикалық форумының пленарлық мәжілісіне бейнебайланыс режимінде қатысқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды Almaty.tv

Мемлекет басшысы өзара ықпалдастықты күшейту үшін бірқатар бағытқа егжей-тегжейлі тоқталды. Тиімді көлік инфрақұрылымын қалыптастырудың маңыздылығына баса мән берді. Сондай-ақ, транзиттік тораптарды дамытуда еліміздің әлеуеті мен мүмкіндіктері жөнінде, соның ішінде, осы саладағы ұлттық жоспарларды Еуразиялық экономикалық одақтың қызметімен және Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» жаһандық бастамасымен ұштастыру туралы кеңінен айтты. 

«Қазақстан транзиті өзінің экономикалық тұрғыдан тартымдылығы мен сенімділігін дәлелдеді. Сондықтан инфрақұрылымды жетілдіру ісін жалғастыра береміз. Атап айтқанда ҚХР-мен арадағы транзиттік қатынастарды кеңейту үшін «Достық Мойынты» жаңа темір жол бағытының құрылысын бастаймыз. Инвестицияның жалпы көлемі 2 миллиард доллардан асады. Біздің ортақ мүддеміз инвестиция тартып, жаңа жұмыс орындарын ашатын және келешекте орнықты дамуды қамтамасыз ететін өсімнің жаңа көздерін табу», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы ретте Мемлекет басшысы Қазақстан мен Ресей арасындағы тау-кен металлургиясы, цифрландыру, коронавирус індетіне қарсы вакцина әзірлеу, қаржы, ғарыш, мұнай-газ, жаңартылатын энергия көздері, автомобиль жасау салалары бойынша табысты жүзеге асырылып жатқан бірлескен жобалар жөнінде айтты.  Бұдан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаев Азия Тынық Мұхит аймағы елдерімен іскерлік байланыс нәтижесінде Қазақстанның арадағы тауар айналымы былтыр 43 миллиард доллардан асқанын атап өтті. Әлемдегі мұқтаж адамдарды сапалы әрі арзан азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін бірлесе күш жұмылдыруға шақырды. Осы ретте Президент Қазақстанның аграрлық әлеуеті туралы, соның ішінде, отандық өңделген өнімді сыртқы нарыққа экспортқа шығару жөнінде айтты. 

«Қазақстан мен Ресейдің салалық ведомстволары ауыл шаруашылығы өнімдерін үшінші елдердің нарығына шығару мақсатында күш жұмылдыру мүмкіндігін қарастыра алар еді. Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдерін ҚХР-ға экспорттау үшін номенклатураны кеңейту мәселелері бойынша Қытаймен жұмыс істеп жатыр. Азық-түлік тасымалдау саласындағы ұзақмерзімді ынтымақтастық көлік-транзит саласы сияқты өңірлік кооперацияны дамытудың тиімді үлгілерінің бірі бола алады», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.