Бұдан бөлек, босқындардың қайта оралуына көмектесу қажеттілігі сөз болды
Бұл мәселе Нұр-Сұлтан қаласында өткен он үшінші Астана процесінде айтылды. Қазақстан Сириядағы гуманитарлық жағдайды жақсарту және саяси реттеу процесін қолдау мақсатында халықаралық қауымдастықты, БҰҰ мен оның гуманитарлық агенттіктерін Сирияға көмекті арттыруға шақырған. Мәселен, негізгі инфрақұрылым нысандарын, яғни су және электрмен қамту, мектеп, ауруханаларды тезірек қалпына келтіру және гуманитарлық минасыздандыру. Бұдан бөлек, босқындардың қайта оралуына көмектесу қажеттілігі сөз болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Босқындардың қауіпсіз әрі ерікті түрде қайтып келуіне, оларды қайтып келу құқығымен қамтамасыз етуге және Сириядағы адамдардың ішкі қозғалысына көмектесудің маңызды екенін баса айтып отырмыз. Осыған байланысты, халықаралық қауымдастықты қолдау көрсетуге шақырамыз және барлық мүдделі тараптармен, оның ішінде БҰҰ Босқындар ісі бойынша Жоғарғы комиссар басқармасымен, өзге де маманданған халықаралық ұйымдармен өзара әрекеттесуге дайын екенімізді мәлімдейміз», – деді ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко.
Басқосуға қатысқан кепіл мемлекеттер, Иран, Ресей, Түркия елдері қан майдандағы, әсіресе Идлиб провинциясы мен елдің солтүстік-шығысындағы қазіргі ахуалды талқылады. Ондағы бейбіт халықтың қауіпсіздігін сақтау үшін нақты шара қабылдауға келісті. Тараптар үш жақты форматта, сондай-ақ БҰҰ Бас хатшысының арнайы өкілі Гейр Педерсеннің кеңсесі өкілдерімен бірге кеңес жүргізді. Женевада Конституциялық комитет құру және жұмысын бастау мәселесін талқылады.
«Біз мұнда маңызды миссиямен келдік. Ол – соғысты тоқтату, қылмысты тоқтату, халқымыздың қауіпсіздігін қамтамасых ету. Идлибтегі бауырларымызды азаптан құтқару. Дәп осы мәселеде конституциялық кеңес Сириядағы ахуалды шешуге оң әсерін береді деп үміттенеміз», – деді Қарулы оппозиция делегациясының жетекшісі Ахмад АЛЬ-ТОУМА.