Қазақстандағы саяси партиялар елорданың Нұр-Сұлтан атауына қолдау білдірді

29.03.2019 01:13

Алматыда бас қосқан белгілі саясаткерлер «Достық» үйінде сөз сөйлеп, соңғы өзгерістерге қатысты пікірлерін ортаға салды

Қазақстандағы саяси партиялар да Астана атауының Нұр-Сұлтанға ауысуын бірауыздан қолдайды. Олар ел тарихы үшін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдаған шешімі орынды болғанын атап өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматыда бас қосқан белгілі саясаткерлер «Достық» үйінде сөз сөйлеп, соңғы өзгерістерге қатысты пікірлерін ортаға салды. Еліміздегі демократиялық күштер коалициясы Тұңғыш Президеттің есімі егемендікпен байланысты екенін айтты. 

«Бұрынғы ескі Целиноградтан дүниежүзіне танымал қалаға айналды. Небір халықаралық шаралар өтті, соның бәрі Елбасының арқасында болды. Сондықтан біз, «Ақжол» партиясы, қалалық филиал басшылары, осы өзгерісті бірауыздан қолдаймыз. Елбасына зор денсаулық тілеп, ол кісі бұдан кейін де Қазақстанның дами түсуіне үлкен үлесін қоса береді деген ойдамыз», – деді «Ақжол» партиясы Алматы қалалық филиалының төрағасы Нұрлан ЖАЗЫЛБЕКОВ.