Nur Otan партиясының кезектен тыс XX съезінде өңірлердегі өзекті мәселелер мен әлеуметтің әлеуетін арттыру бағытында атқарылатын жұмыстар күнтәртібіне шағыралды
Ауылдарды дамыту, жас мамандарды қолдау, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арнаулы жәрдемақы мөлшерін ұлғайту, ана тіліміздің қолдану аясын кеңейту. Осы және өзге де ең өзекті мәселелердің шешімін табу бүгін Nur Otan партиясының кезектен тыс XX съезінде айтылды. Мұғалімдердің жалақысы 2 есе, ал дәрігерлердің еңбекақысы 2,5 есеге өсетінін мәлімдеді мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев. Алқалы жиын барысында Мәжіліске арналған партиялық тізім де бекітілді. Толығырақ елордалық Almaty.tv тілшісі Асылбек Тойбектің бейнематериалында.
Nur Otan партиясының кезектен тыс XX съезінде өңірлердегі өзекті мәселелер мен әлеуметтің әлеуетін арттыру бағытында атқарылатын жұмыстар күнтәртібіне шағыралды. Алдағы жылдары Қазақстан бойынша 800 жаңа мектеп салынады. Соның арқасында апатты және үш ауысыммен оқытатын білім ордаларының мәселесі толық шешілмек. Бұл ретте ауыл мектептерінің дамуына ерекше көңіл бөлінеді. Шағын қалалар мен аудан орталықтарында, ауылдық жерлерде орналасқан 5 мыңнан астам мектеп жаңартылады. Ал, мұғалімдердің жалақысы 2 есеге ұялғаяды.
«2025 жылға қарай жоғары білім алу үшін бөлінетін гранттың саны 50 пайызға артады. Бұл 75 мың жас азаматымыз жоғары білімді тегін алады деген сөз. Студенттер шәкіртақысы 2 есе, магистранттар мен докторанттардың шәкіртақысы 1,5 есе көбейеді», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Медицина саласында да елеулі жұмыстар жүргізілмек. Дәрігерлердің жалақысы 2023 жылға қарай 2,5 есе өседі. Ал, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында 2 ғылыми-инновациялық көпбейінді клиника салынады. Өңірлік медицинаны дамыту үшін еліміздің барлық облысында 20 заманауи медициналық орталық бой көтереді. Сонымен қатар, мемлекет басшысы қаржыны және жәрдемақыны негізсіз, оңды-солды таратуды доғару қажет, деді. Сол себепті мұқтаж жандарға қамқорлық жасауға баса мән берілетіндігін айтты.
«Тұрақты күтімге мұқтаж және жеке көмекші қызметін пайдаланбайтын 1-топтағы мүмкіндігі шектеулі азаматтардың барлығына қосымша әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Осыған орай берілетін арнаулы жәрдемақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 1,4 есе көбейтілген мөлшеріне дейін болады. Алдағы 5 жыл ішінде біз ерекше күтімді қажет ететін адамдарды арнаулы техникалық құралдармен қамтамасыз етеміз», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұдан бөлек съезд барысында,3,5 мыңнан астам ауылды дамытуға басымдық берілетінін айтты Президент.
«Барлық қалалар мен ауылдар сумен қамтамасыз етіледі. 246 елдімекенге газ тартылады. Мұндай елді мекендерде 900 мың адам тұрады. Олардың 350 мыңнан астамы Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Жезқазған және Теміртау қалаларының тұрғындары. 53 Жол құрылысы қолға алынады. Әр ауылға дейінгі барлық жолдар, яғни 27 мың шақырым жол жөндеуден өткізіледі. Облыс орталықтары мен республикалық маңызы бар қалалар жылдамдығы жоғары 5G интернетімен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, ауылдардың 99 пайызы осындай мүмкіндікке ие болады», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Одан бөлек «Алғашқы жұмыс орны» жобасы іске қосылып, 5 мың адамды қамтитын болады. Бизнес саласындағы келешегі зор жобаларды жүзеге асыру үшін жас кәсіпкерлерге жыл сайын 10 мың грант ұсынылады. Ал, жұмыс істеп жүрген жастарға 3 мың жалдамалы пәтер беріледі.
«Ауылдық жерлерге қажет мамандарды тартуға назар аударылады. Оларға үй салу үшін жылына 22 мың жер телімі бөлінеді. Облыс орталықтарында және шағын қалаларда жылына 25 мың жер телімі беріледі. Жалпы алғанда алдағы 5 жылда шамамен 1 млн отбасы үшін 100 млн шаршы метрден астам тұрғын үй салынады. Соның ішінде 300 мыңға жуық пәтерді әлеуметтік тұрғын үй ретінде жеңілдікпен пайдалануға болады», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Nur Otan партиясының кезектен тыс XX Съезін Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қорытындылады.
«Бүгінде Nur Otan партиясы еліміздегі ең басты саяси күшке айналғанын көріп отырмыз. Осы жылдардың ішінде партия ішкі тұрақтылықтың тірегіне айналды. Халықтың әл-ауқатын арттыру жолында аянбай жұмыс істеді. Мұның бәрі партияның ел болашағына сенімі берік азаматтарды біріктіруінің арқасында мүмкін болды. 30 жылда қандай қиыншылықтардан өтсек те, біз елімізді айтарлықтай өсіп-өндірдік, халықтың әл ауқатын жөндедік. Жалпы, осы жылдардың ішінде басқа ұлт өсіп шықты. Көзімізбен көріп отырмыз», – деді Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.
Съезде мәжіліс депутаттығына кандидаттар бекітілді. Партиялық тізім 126 кандидаттан тұрады. Олардың ішінде 77 кандидат партияішілік праймериз қорытындысы, ал 49 адам орталық партиялық квота бойынша анықталды. Тізімнің үштен бірі – әйелдер. Кандидаттардың қатарында Дариға Назарбаева, Үкімет басшысы Асқар Мамин, «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ Басқармасының төрағасы Ахметжан Есім, мәжілістің қазіргі спикері Нұрлан Нығматуллин сынды танымал азаматтар бар.
ГРАФИКА
«Алғашқы жұмыс орны» жобасы
5 мың адам қамтылады;
Жас кәсіпкерлерге жыл сайын 10 мың грант;
Жастарға 3 мың жалдамалы пәтер.