Президенттік сайлауға түсетін үміткерлер дауыс жинауға кірісті

30.04.2019 01:25

Биылғы сайлаудың ерекшелігі – үміткерлер қатарында бір әйел бар

sputniknews.kz

Елімізде президенттікке үміткерлер дауыс жинауға кірісті. Олардың әрбірі кем дегенде 118 мың қолдаушы табуға тиіс. Мерзім – 11 мамырға дейін деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Одан кейін саяси үгіт-насихат жұмыстары басталады. Бүгінге дейін Орталық сайлау комиссиясына 9 адам өз кандидиатурасын ұсынған. Бірақ араларындағы біреуі жеме-жемге келгенде додадан бас тартуы мүмкін.

Бұл жолғы Президент сайлауы бұрынғылардан өзгеше. Себебі биыл тәуелсіз ел тарихында бірінші рет ел басқару қызметіне 35 адам құжат тапсырған. Алайда, Орталық сайлау коммисиясы тек соның ішінде тоғызының ғана құжаттарын дұрыс деп тауып, қабылдады. Сондай-ақ биылғы сайлаудың тағы бір ерекшелігі – үміткерлер қатарында бір әйел бар.

«Регламентке сәйкес, біз алдымен аймақтық комиссиядан облыстық сайлау комиссиясын тіркейміз. Сосын үміткерлер өздерінің сенімді тұлғаларын тіркеп, қолдарына дауыс жинау қағаздарын береді. Сосын ғана ол азаматтар емін-еркін дауыс жинауға кіріседі», – дейді ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Бақыт МЕЛДЕШЕВ.

Ал, ОСК екі апта ішінде үміткерлерді толықтай тексереді. Нақты тіркеуден өту үшін кандидаттар мамандарға өзінің және жұбайының табысы туралы анықтама мен денсаулығы туралы құжат тапсыруға міндетті. Егер тапсырған құжат пен берген ақпарат шындыққа жанаспаған жағдайда, комиссия президенттікке үміткерді алып тастауға құқылы. Ал, үгіт-насихат 11 мамырда басталып, 8 маусымда аяқталады.

«Бүгінде нақты 4 кандидаттың ұсынысы қабылданған. Олар лингвистикалық емтихан тапсырып, қолдаушылардың даусын жинауға кірісті. Тағы бесеуі комиссияның қарауында жатыр. Дауыс жинауға бізден қаржы бөлінбейді», – дейді ҚР Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин ПЕТРОВ.

Үміткерлер мен комиссия жұмысы енді қыза бастады. Әзірге нақты қанша адамның саяси додаға қатысатынын айту ертерек. Өйткені, бүгін ғана құрылысшылар бірлестігінен ұсынылған үміткер Талғат Ерғалиев өз кандидатурасын алып тастады деген ақпарат шықты. Әзірге Орталық сайлау комиссия бұл ақпаратты растаған жоқ.

Еске сала кетсек, кезектен тыс президенттік сайлау биыл 9 маусымда таңғы сағат 7-де басталып, кешкі 20:00-ге дейін жалғасады.

Нұржан, Сәдірбай Ильзат Акчурин, Жігер Бабақанов, «Алматы» телеарнасы

Теги: ЦИК РК