Сенат бейбіт жиналыстар ұйымдастыру және өткізу туралы заң жобасын Мәжіліске қайтарды

15.05.2020 01:49

Сенат депутаттары заң жобасын талқылау барысында жекелеген баптарға өзгерістер мен толықтырулар енгізді

Фото: Тұрар Қазанғапов

Бүгін Сенат бейбіт жиналыстар ұйымдастыру және өткізу туралы заң жобасын екінші оқылымында Мәжіліске қайтарды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Сенат депутаттары заң жобасын талқылау барысында жекелеген баптарға өзгерістер мен толықтырулар енгізді. Мәселен, заң жобасына сәйкес, бейбiт жиналысты ұйымдастырушы митингке қатысушылардан  беттерiн бүркемеудi, оның iшiнде бет әлпетiн тануға кедергi келтiретiн киiм-кешектi және өзге де заттарды пайдаланбауды талап етуге мiндеттелген.  

«Депутаттар ұйымдастырушыға мiндеттелiп отырған бұл нормаларды алып тастауды ұсынады. Себебі кей жағдайда бейбiт жиналысқа қатысушылардың денсаулығын сақтауға байланысты жеке қорғаныш құралдарын пайдалану қажеттілігі туындауы мүмкін. Мұндай жағдай орын алған кезде заң жобасының аталған нормалары азаматтардың құқығын шектейді», – деді ҚР Парламенті Сенатаның депутаты Сәрсенбай ЕҢСЕГЕНОВ.

Сонымен қатар, заң жобасын талқылау барысында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткiзу үшiн арнайы орындарды белгiлеу, сондай-ақ оның санына қатысты сұрақтар туындаған болатын. Бұл мәселені қарап, комитет астананың, республикалық маңызы бар және облыс орталықтары болып есептелетiн қалалар мен олардың құрамына кiретiн аудандарда арнайы орындар мiндеттi түрде орталықта орналасуы және олардың саны үшеуден кем болмауы тиiс деген шешімге тоқтады. Ал саясаткерлер заңның жан-жақты талқыланып, әбден піскенін құптап отыр.

«Бұл біздің Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтің өзінің бағдарламалық сөздерінде айтқан және Ұлттық сенім кеңесінде айтылған ұсыныстарына байланысты, қазіргі таңда қабылданайын деп жатқан қазіргі саяси процесстерді либеризациялауға байланысты алғашқы заң жобасы. Сондықтан да осы Заң жобасының тағдырына байланысты кейінгі қабылданатын заң жобалары да осы тәртіппен, осындай талқылаулардың, осындай пікір алмасулардың арқасында қабылданатын болса, ол әрине қоғамның талаптарына, сұранысына жауап беретін заң жобасы болады деп сенеміз», – деді ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бөлім басшысы Әсел НАЗАРБЕТОВА.

Заң жобасы қоғамда қызу талқыға түсті. Нәтижесінде халықаралық ұйымдар мен сарапшылардың пікірлері ескерілді. Саясаттанушы Жанар Түлиндинова аталған норма қабылданса Қазақстанда бәсекеге қабілетті саяси-қоғамдық орта қалыптасады деп санайды.

«Норманың ауқымы кең. Заң жобасы қазіргі қиын жағдайда, карантин кезінде қаралып, қабылданып жатса да цифрлық технологиялардың арқасында қоғам және азаматтық белсенділермен талқыланды. Журналистер қызметіне кедергі келтіретін көптеген шектеулер алынып тасталған. Шеру өткізуге берілген өтінішті қарау уақыты да қысқарған. 10 күннен 5 күнге дейін кеміді. Осылайша Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің заңды кеңінен талқылауға ұсынудың арқасында барлық кемшіліктер ескерілген», – деді саясаттанушы Жанар ТҮЛИНДИНОВА.

Айта кетейік, заң жобасы Мәжілісте қаралған кезде Сенат тарапынан 30-ға жуық ұсыныс жолданған еді. Олардың жартысына жуығы қабылданды.