Ширек ғасыр уақыт бұрын жалпыхалықтық референдум арқылы қабылданған Конституциямыз дамудың даңғыл жолын айқындады
Айбынды Ата Заңға 25 жыл. Ширек ғасыр уақыт бұрын жалпыхалықтық референдум арқылы қабылданған Конституциямыз дамудың даңғыл жолын айқындады. Тәуелсіздіктің алғашқы қиын-қыстау кезеңінде де қазіргі дамыған уақытта да мемлекеттің басты құжаты ел өмірінің барлық саласында алтын арқауға айналды. Азаттықтың тірегі – Ата Заңымыздың тарихы мен басты қағидаттары туралы Almaty.tv тілшісі Асылбек Тойбек айтып берсін.
Ата Заңымызға идеялық тұрғыдан Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев бастамашы болды. Іргелі құжатты әзірлеу жұмысын өзі басқарды. Басты құжатты талқылауға 3 млн.300-ден астам адам қатысты. 31 мың 886 ұсыныс түскен. Соның 1100 Конституция жобасына енгізілді. Осылайша Конституция тәуелсіздігіміздің берік құқықтық негізін қалады. Адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең қымбат қазынасы деп жарияланды. Еліміздің аумақтық тұтастығы, қоғамдық келісім, саяси тұрақтылық және демократия қағидаттары бас құжатымызда айқын көрініс тапты. Содан бері басты құжатқа толықтырулар мен өзгертулер енгізіліп, жетілдіріліп келеді.
«Парламент Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бастамасы бойынша бірқатар маңызды заңнамалық өзгерістерді қабылдады. Елімізде бейбіт жиналыстар туралы демократиялық тұрғыдан мүлде жаңа заң күшіне енді, саяси партияларды құру және тіркеу үдерісі едәуір жеңілдетілді, сайлаудағы партиялық тізімдерге әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота енгізілді, сондай-ақ, жала жапқаны үшін қылмысқа тарту талабы алынып тасталды», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Конституция егемен ел дамуының стратегиялық бағыттарын айқындайтын маңызды саяси және құқықтық құжат қана емес, басты мемлекеттік және әлеуметтік құндылық. Қазақстан Республикасының Заң шығару және құқықтық ақпарат институтының директоры Рамазан Сәрпековтің пікірі бұл. 25 жылда құжат өміршеңдігін айқындап, қазақстандықтардың құқығын қорғауды толық қамтамасыз еткенін айтады.
«25 жыл ширек ғасыр уақыт – біздің Конституциямыз халықтың мүддесін, қоғамның мүдесін, қоғамдық ұйымдардың мүддесін қандай жағдаймен алып шыққанына баға беретін кезең бұл. Өздеріңіз білесіздер, әрбір адамның өзі өмірі өткен сайын баға беріп тұратын жағдай болады. Конституция – ең жоғарғы заңды күші бар құжат. Бүкіл одан басқа қабылданатын біздің Қазақстанда 500-ге жуық заң болатын болса, соның барлығы тек қана Конституцияның аясында қабылдану керек», – деді ҚР Заң шығару және құқықтық ақпарат институтының директоры Рамазан Сәрпеков.
Кемел келешекке кепіл болған Ата заңда қоғам мен мемлекетті әлеуметтік жаңғырту үшін берік құқықтық негіз құрылғанын шетелдік сарапшылар да мойындап отыр.
«Біздің ойымызша, әлеуметтік мемлекет идеясы Қазақстан Конституциясында жақсы көрініс тапқан. «Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары» деп жазылған. 2007 жылы Қырғыз Республикасының Конституциясына толықтырулар енгізілді. Бірақ құқықтық, әлеуметтік шешімдер тым асығыс қабылданғанын көрсетіп отыр. Ал, қазақ елінің Ата заңы экономикалық, әлеуметтік, ұйымдастырушылық кепілдіктермен дәлелденген деп ойлаймын», – деді Қырғыз Республикасы жоғары аттестациялық комиссиясының бас ғылыми хатшысы Нұргүл Атабекова.
ТМД елдерінің ішінде Конституциямыздың жан-жақтылығымен ерекшеленуі – құрылымы тек әлеуметтік күштердің немесе сыртқы факторлардың жиынтығынан ғана құралмағандығынан, ғылымға негізделгендігінен, дейді заңгер Нұрзада Примашев.
«Барлық уақытта мойындауымыз керек, ғылым алда жүреді. Сондықтан құқық ғылымы да дамып отырады. Сондықтан 95 жылғы Конституцияның мәтіні өзгерістерді қажет етті. Жаңа тетіктер пайда болды, әлемдік деңгейде жаңа нормалар пайда болып жатыр. Сондықтан осылардың барлығын ескеру қажет болды», – деді заң ғылымдарының кандидаты Нұрзада Примашев.
Ал, Парламент Мәжілісінің депутаты, белгілі мемлекет қайраткері Қуаныш Сұлтанов Ата Заңға бағыну, құрметпен қарау отбасындағы тәрбиеден басталатынын айтады. Оның сөзінше, егер адамгершілік құндылықтарын бала жастан санасына сіңіріп өссе, қоғамда тәртіп бұзу, қылмыс жасау секілді жат әрекеттерден адам бойын аулақ ұстайды.
«Күнделікті адамның тәлім-тәрбесінен басталады әрбірден кейін. Мысалы, отбасындағы тәрбие, өтірік айтпа, ұрлама, ешкімге қиянат жасама, бекерден-бекер біреуге тиіспе, біреуге жала жаппа, осы қағиданы толық орындап, соныменен ертеңгі күні арнайы білім алғаннан кейін, мемлекеттік қызметке келген адам соны сақтауға тырысады деп ойлаймын», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанов.
Иә, ізгілік қағидаттарын ұстанған ұлттың болашағы жарқын болары сөзсіз. Ендеше, жасампаздықтың жаңылмас жарғысы болған Конституциямызға құнды құжат ретінде құрметпен қарау әрбіріміздің парызымыз. Өйткені Ата Заңымызда бабаларымыздың арманы, адам тағдыры, мемлекет келешегі көрініс тапқан.