Технологиялық шешімдер, патенттер мен инновациялық идеялар алмасу үшін ортақ құрал болмақ
Премьер-Министр Әлихан Смайылов Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне бірыңғай цифрлық платформа құруды ұсынды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Ол технологиялық шешімдер, патенттер мен инновациялық идеялар алмасу үшін ортақ құрал болмақ. Бұл ұсынысты Үкімет басшысы Digital Almaty-2024 цифрлық форумында мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл елдер арасындағы өзара іс-қимылды жақсартып, аймақтағы кәсіпкерлер мен зерттеушілерге соңғы технологияларға қол жеткізуге мүмкіндік береді.
- «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында 2027 жылға дейін елімізді жоғары жылдамдықты желімен 100 пайыз жоспарланып отыр. Қазірдің өзінде 20 қалада 5G интернет желісі іске қосылды. Оны 2 млн астам адам пайдаланады. Сондай-ақ биыл шалғайдағы екі мың ауыл мектебін жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етеміз. Келесі жылы 8 млн астам адам 5G интернет желісін қолданатын болады, - дейді ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов.
Биыл форумның басты тақырыбы - өнеркәсіптегі сандық трансформация. Себебі бұл салада жүйенің автоматтандырылуы өндірістің көлемін арттырып, сапасын жақсартуға көмек көрсетеді. Нәтижесінде елдің жалпы ішкі өнімін өсіруге әсер етеді деп санайды сарапшылар.
- Мәселен, 3 жыл бұрын жылына өнеркәсіпте 35-ке жуық робот іске қосылатын. Ал алдын ала есеп бойынша өткен жылдан бері оның саны жылына 100-ге жетіп отыр деуге болады. Құзіретті орталық толығымен іске қосылған соң, олардың саны тіпті арта түсетіні анық, - дейді Қазақстандық автоматтандыру және робототехника қауымдастығының президенті Владимир Төреханов.
Сондай-ақ форум аясында, Орталық Азиядағы IT-орталықтардың біріне айналып үлгерген Алматының цифрлық даму жоспарлары да ұмыт қалмады. Соның ішінде, көлік, экономикалық, экологиялық және құрылыс деректері енгізілетін жобасы бар.
- Бұл жобаны іске қосу 2026 жылға дейін жалғасады. «Қаланың цифрлық егізін» құру бізге модельдеу, болжам жасауға мүмкіндік береді. Онда барлық инженерлік құрылым көрінетін болады. Бүгін Үкімет басшысына осы және басқа маңызды жобалардың қалай жүзеге асып жатқанын баяндадық, - дейді Цифрландыру басқармасының басшысы Олжас Жаңабек.
Одан бөлек, форум аясында дәстүрлі түрде «Digital Almaty Awards» марапаттау рәсімі өтті. Сандық тансформация жүзеге асырылып жатқан компанияларға жүлделер табысталды. Премьер-министрлер жаңа технологиялардың көрмесін де аралап шықты. Үш күндік цифрлық іс-шараға 30 мыңнан астам адам қатысады.
Жансая Олжабек, Медет Саматұлы, "Алматы" телеарнасы.
Оқи отырыңыз: Алматыда Еуразиялық үкіметаралық кеңестің шағын құрамдағы отырысы өтті