Сенат сайлауы: Әйелдердің саяси белсенділігі артып келеді

14.07.2020 02:20

Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев айтты

informburo.kz

Сенаттағы орындарға 94 кандидат үміткер болып отыр. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Үміткерлердің қатарында инженер, экономист, педагог, дәрігер, журналист мамандығының иелері бар. Халық қалаулысы болуды қалайтындардың орташа жасы  – 50.

Ең жас үміткер 30 да болса, ең үлкені 69 жаста.

«Салыстырмалы түрде 2017 жылы Сенатқа кезекті сайлауда 89 кандидат ұсынылған, 2014 жылы – 88, 2011 жылы  96 кандидат ұсынылған болатын. Көріп отырғандарыңыздай, ең көп кандидат Алматы облысында – 9, Нұр-Сұлтан қаласында –  8, Алматы қаласында  7 адамнан ұсынылды. Ең азы – 4 үміткерден Шығыс Қазақстан, Қостанай облыстарында және Шымкент қаласында ұсынылды. Ұсыну тәртібіне келер болсақ, кандидаттардың арасында 87 пайызы өзін-өзі ұсынушылар, ал 13 пайызын мәслихаттар ұсынған», – деді ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев.

Сонымен қатар, Парламенттің жоғары палатасына орташа есеппен 5 адам бір орынға үміткер болып отыр. Қазіргі уақытта Сенат депутаттығына кандидаттарды тіркеу процесі жүріп жатыр. Науқан ағымдағы жылдың 23 шілдесіне дейін жалғасады. Сенаторлыққа үміткер әйелдердің саяси белсенділігі жоғары екені байқалған.

«Әйелдердің саяси белсенділігі артып келе жатқанын атап өткім келеді. Ұсынылған үміткерлердің 19-ы – әйел. Әйел үміткерлердің саны өткен сайлауда, яғни 2017 жылы – 13, 2014 жылы –  5, 2011 жылы 6 үміткер болған. Кандидаттар арасында 18 коммерциялық құрылым қызметкері, 23 мемлекеттік ұйымдардың, кәсіпорындардың мемлекеттік қызметкері, 18 мемлекеттік қызметші, 9 қоғамдық ұйымдардың өкілі және 2 жұмыссыз үміткер бар. Сонымен қатар, қазіргі уақытта қызмет атқарып отырған 4 сенатор өз кандидатурасын ұсынды», – деді ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев.