Қоғамдық кеңес пен Мәслихаттың қызметі бірін-бірі қайталамайды – вице-министр

07.01.2021 02:30

Мәслихат – жергілікті өзін-өзі басқару органы

inform.kz

Қоғамдық кеңес пен Мәслихаттың қызметі бірін-бірі қайталамайды. Олардың заңды мәртебесі екі бөлек. Мәслихат – жергілікті өзін-өзі басқару органы. Яғни, олардың шешімінің заңды күші бар. Ал қоғамдық кеңес консультативті орган. Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі бүгін брифингте осылай айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Бұл тұрғыда біз функциялардың бірін-бірі қайталайтынын емес, бірін-бірі толықтыратынын айта кетуіміз керек. Яғни, қоғамдық кеңестер шынтуайтында мемлекеттік органдар, ал қазірден бастап квазимемлекеттік сектор қабылдайтын шешімдердің ашықтығын қамтамасыз ететін қосымша құрал саналады. Қоғамдық кеңестің басты міндеті – қоғамның ең өзекті мәселелерін талқыға шығару», – деді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тілепов.

Енді бұдан былай қоғамдық кеңестің ұсыныс-пікірін мемлекеттік органдар міндетті түрде қарауы керек. Дегенмен ұсыныстар қабылданбауы да мүмкін. Бірақ одан не үшін бас тартатынын түсіндіріп, негіздеме беруі тиіс. Естеріңізге салайық, жыл басында мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қоғамдық кеңестер қызметі мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы заңға қол қойды. Қоғамдық кеңестер қызметін одан әрі дамытуға 40 жаңа норма мен 28 түзетілген норма енгізілген болатын. Бұл өзгертулер мен толықтырулар Қоғамдық кеңестің жұмысын жандандыруға ықпал етпек.

«Заңда, әсіресе, міндеттемелердің құқықтары мен азаматтардың мүдделеріне қатысты нормативтік құқықтарға сараптама жүргізу туралы шешімдер қабылдау құқығы арқылы қоғамдық кеңестердің көмегін арттыруға бағытталған түзетулер маңызды болмақ», – деді қоғамдық кеңестің денсаулық сақтау саласы бойынша төрайымы Надежда Петухова.